Среда, Октябрь 17, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > «Ректормен кездесу» апталығы мазмұнды өтті

«Ректормен кездесу» апталығы мазмұнды өтті


DSC_4365

Жаңа оқу жылының басында Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков 1-курс студенттерімен кездесті. Биыл ректор екінші жыл қатарынан барлық факультеттің 1 курс білім алушыларымен кездесу өткізіп отыр.  

Дәстүрге айналған кездесудің мақсаты – студенттерді университеттегі білім жүйесімен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен, университеттің ішкі тәртіп ережелерімен және түрлі жеңілдіктермен таныстыру.

Бір апта бойы университет табалдырығын алғаш аттаған студенттердің сұрақтарына жауап беріп, бағыт-бағдар сілтеген  ректор Бауыржан Ердембеков оларды жоғары оқу орнының соңғы жетістіктерімен таныстырды. Алғаш рет Қыздар педагогикалық институты болып іргесі қаланған оқу орнының 80 жылға жуық уақыт ішінде тек  аймаққа емес, республика бойынша сапалы педагогикалық кадр дайындауда қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, университет басшысы студенттерге оқу орнының ішкі тәртібі мен негізгі ережелерін түсіндіре отырып, университет қабырғасында және одан тыс жерде қоғамдық тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ректор сөз арасында кейде конфликтік жағдайларға себепкер болатын діни көзқарас мәселелеріне де тоқталды. Жастардың арандатушы пиғылдарға бой алдырмауларын, түсініксіз сұрақтарға жауап іздегенде әрдайым сақ болу керектігін, әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынын сұрыптай ала білуді түсіндірді.

− Сіздер үшін өмірдің жаңа деңгейі басталды. Ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікке назар аударыңыздар. Оқуда ғана емес, ғылыми-зерттеу, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жан-жақты болуға ұмтылыңыздар, − деді Бауыржан Ердембеков.

DSC_4520 - копия

Кездесуге  қатысқан стратегиялық даму жұмыстары бойынша проректор Қуанышбек Шүңкеев жастарды туған еліне ерекше құрметпен қарауға, жоғары мәдениетке, барлық игі істерде көшбасшылыққа ұмтылуға бағыттады. Ал университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова студенттерге сәттілік тілеп, оқуда және мәдени-танымдық шараларда белсенді болуларына тілек білдірді. Сондай-ақ, Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров жастарға өздерін толғандырған кез келген сұрағын  ректордың университет сайтындағы жеке блогына да жіберу мүмкіндігі барын айтты.

Пікір алмасу сипатында ұйымдастырылған шараға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, облыстық дін істері, ішкі істер басқармаларының және басқа да құзырлы мекемелердің өкілдері қатысты.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастарды жат ағымдардан сақтандыру мәселесіне тоқталды. «Жастар арасында өзге діни ағымдардың жетегінде кеткендер бар. Дегенмен соңғы 2-3 жылда жат ағымдарға топтап қосылып жатыр деген де дерек жоқ. Жылма-жыл жүргізілген жұмыстың нәтижесінде діни көзқарасы өзге, жат ағымдарға еріп кетіп жатқандар азайып келеді» деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол ислам діні мен ата-баба дәстүрі сабақтастығы туралы да әңгімелеп берді.

Ал, жастар алдында Ақтөбе қалалық ІІБ ЖПҚ Заречный ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Алтын Жармаханова жастар арасындағы құқық бұзушылық деректері мен олардың алдын алу шаралары жайлы әңгімеледі. Полиция аға инспекторы әсіресе кәмелет жасына толмағандардың түнгі сағат 22.00-ден кейін жалғыз жүрулеріне болмайтынын тағы бір еске салып, бұл жағдайда жасөспірімнің әке-шешесіне жауапкершілік артылып, оларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті.

Ал Ақтөбе облысының Дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Төлеген Талдыбаев: «Бүгінде жат ағымның жетегінде жүрген ақтөбеліктердің тең жартысы 14-пен 29 жас аралығындағы жастар. Әсіресе, Ақтөбе қаласына ауыл-аудандардан оқуға келген студенттер адасып кетуге бейім тұрады» деп, жиналған жастарды қауіптен сақтандырды.

Сондай-ақ, студент-жастармен кездесуге қатысқан университет түлегі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов сыбайлас жемқорлық жайлы түсініктеме бере отырып, жемқорлықпен күресу жолдарын айтып өтті.

Кездесу барысында факультет декандары  студенттердің әлеуметтік-материалдық жағдайы, оқу процесі, тәрбие жұмысы, ғылыммен айналысуы, академиялық ұтқырлық мәселесінің шешілуі, спортпен, өнермен шұғылдануы және тағы басқа мәселелер жайлы жан-жақты сөз етті.

DSC_4781

Жиын соңында шет елден келген 1-курс студенттері «Жұбановшылар» қатарына қабылдануын үлкен мақтаныш тұтатынын жеткізіп, бағыт-бағдар  көрсеткен  университеттің қабылдау комиссиясының ұжымдарына алғыстарын жеткізді.

Кездесулерде  1 курс студенттерін студенттік өмірдің барлық жақтары, әсіресе қосдипломдық білім және академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде білімдерін жалғастыру сұрақтары көбірек қызықтырды.