Среда, Октябрь 17, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақстан студенттері білім сапарына аттанды

Қазақстан студенттері білім сапарына аттанды

Бүгін Польшаның Быдгощ Экономика Университетінде білім жетілдіру үшін жеті студент жолға шықты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 

Болон декларациясына енген әлем университеттері арасында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмасу бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті де жыл сайын шетелдің үздік оқу орындарымен ғылыми байланыстарды нығайтып келеді.

Сыртқы академиялық ұтқырлықпен қатар ақтөбелік университет пен Быдгощ Экономика Университеті арасында қосдипломды білім беру жолға қойылды. Қазір Ақтөбенің алты студенті осы жобамен Быдгощта оқып жүр. Оқуларын бітірген соң европалық үлгідегі «спорт менеджері» мамандығын алып шығады.

Жерлестеріміздің шеберлігіне поляктар да риза. Мысалы, 3-курс студенті Максим Бурлачко жүзуден Быдгощ қалалық жарысында екі рет алтын медаль алды. Бұған дейін Польшада 30 студентіміз оқып келді. Әріптестік қарым-қатынастың пайдасын ескере отырып, тараптар студенттер алмасу практикасын әлі де көбейте түсуге ниетті.

Түркияның Сакария университетіне Мәулана гранттық бағдарламасымен жеті студент, бір магистрант және сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша жеті студент, екі магистрант аттанды.

Мәулана бағдарламасы – Түркия және әлем елдері университеттері арасында студент пен оқытушы алмасуға мүмкіндік беретін түрік үкіметінің беделді ғылыми жобасы. Басқа бағдарламадан өзгешелігі — географиялық шектеу қоймастан, бүкіл дүниежүзіндегі жоғары оқу орындарын толық қамтуы. Басты мақсаты — Түркия жоғары білім жүйесінің беделін көтеру, ғылым-білімнің жаһандану процесіне үлес қосу, түрік тарихы мен мәдениетін бүкіл әлемге таныстыру, өркениеттер арасында өзара құрмет және түсіністік мәдениетінің арттыру.

Бағдарлама жаңалыққа жаны құмар, ашық мінезді, өзіне сенімді, үздік оқитын бәсекеге қабілетті студенттерге арналған. Ағылшын немесе түрік тілін жетік білсеңіз грант ұтуға мүмкіндік еселеп артады. Оқыту шығынын түрік үкіметі өз мойнына алған. Студенттерге шәкіртақы да төлейді. Жол шығыны мен тамағы, пәтер жалдау мәселесін шәкірттер өздері шешеді.

Шетелге аттанған студенттер он бір түрлі мамандық бойынша өз оқуларын жалғастырады. Студенттер жарты жылдың өзінде шет тілінен сөз қорларын көбейтіп, ысылып келеді. Уақытты тиімді пайдалану, табандылық пен қайсарлық, тек өз күші мен біліміне сену, бәсекеге қабілетті болудың пайдасын әбден түсінеді. Туған ел мен ата-анаға деген құрметі артады. Елге оралған соң бөтен шаруаны қойып, оқу-білімге шындап ден қояды. Университеттің Халықаралық ынтымақтастық орталығы арқылы биыл Франция мен Оңтүстік Кореяға кеткен студенттер оқуларын бастап кетті. Енді Шыңжаң, Татарстан мен Башқұртстанға жүретін топтар сапарға әзірленуде.

Айшуақ Дәрменұлы

https://baq.kz/kk/news/bilim__gilim/kazakstan_studentteri_bilim_saparina_attandi20180920_213000