Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Американдық сарапшы, доктор Питер Эккель Жұбанов университетіне келді

Американдық сарапшы, доктор Питер Эккель Жұбанов университетіне келді

Бүгін Пенсильвания (АҚШ) университетінің докторы  Питер Эккель Қазақстандағы іс-сапары аясында Жұбанов университетіне келді.  Америкалық әріптеспен кездесуге университеттің проректорлары, факультет декандары және барлық құрылым және бөлім басшылары қатысты.

Назарбаев университеті мен Пенсильвания (АҚШ) университеті соңғы жылдары «Қазақстанда жоғары оқу орындарының академиялық басқару және менеджментінің уздік тәжірибе үлгісін дамыту» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жобада жоғары оқу орнынан институционалды автономияға өтуде байқау кеңесінің рөліне ерекше көңіл бөлінеді. Доктор Эккельмен жобаға қатысушы қазақстандық сарапшылар,  Назарбаев университетінің зерттеуші-ассистенті Санжар Байжанов, «Жоғары білім беру» мектебінің өкілі,  қауымдастырылған профессор Сұлушаш Керімқұлова та бірге жүр.   

Осыған дейін де Байқау кеңесінің жұмысын жетілдіру мақсатында Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарымен кездесулер ұйымдастырып, семинар өткізіліп келеді. Питер Эккель бүгінгі жүздесудің өз ерекшелігіне тоқталып,сөз барысында ол Жұбанов университеті жайлы естігенін, батыс өңірдегі ірі білім орны екенін білетінін жеткізді.

Жұбанов университеті оқытушы-профессорларын АҚШ-тың білім беру жүйесі мен еліміздегі жүйенің айырмашылығы, әсіресе, америкалық жоғары мектептің  қосымша қаржы табу көздерін шешу жолдары қызықтырды.

Питер Эккель жоғары оқу орындарын мемлекет тек 20 пайыз қаржы көзімен қамтамасыз ететінін айтты. Американдық жоғары оқу орындары қосымша қаржы көздерін студенттердің оқу ақысынан, оқу ордасының аудиторияларын жалға беруден, спорттық командаларының ipi жарыстардағы жеңіске жетіп, ұтысқа ие болуларынан, сондай-ақ, бизнес мектептері ғылыми жобалар арқылы табатынын айтты. Осылайша, Американың сарапшы маманы өз елінің білім жүйесінің маңызды мәліметтермен бөлісіп, университет оқытушыларымен өзара пікір алмасты.