Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде тілдер фестивалі өтті

Жұбанов университетінде тілдер фестивалі өтті

Бүгін Студенттер сарайында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай Жұбанов университетінің шетел тілдері факультетінің ұйымдастыруымен  «Тіл-ұлт тірегі» тақырыбында тілдер фестивалі өткізілді.

Фестиваль алдында бас оқу ғимаратының алаңында түрлі ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды.

Фестивалді университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков құттықтау сөзімен ашты.  «Тілдер мерекесін тойлауды  5-ші қыркүйекке белгілеу жайдан жай емес. Бұл күні қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Тіл — ұлтаралық татулық кепілі. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Елімізде  130-дан астам ұлттар өзара ынтымақтастықта өмір сүруде», —  деді, ректор.  Сондай-ақ,  ректор университетте студенттердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын, олар үшін әлемнің барлық есігі ашық екендігін, білімдерін шет елдерде жалғастыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар  оқу орнында жыл сайын үш тілде жүргізілетін пәндер көбейіп, сапалы білім беретін оқытушылар саны артқанын мақтанышпен жеткізді. Жаңадан ашылған орталықтар мен тілдік курстардың жұмыс жасайтыны туралы да айтып өтті.

Фестиваль қонақтары өнерпаз студенттердің ана тілге құрмет, ынтымақтастық және келісім тақырыбын қамтыған концертін тамашалады.  Концертте қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, әзірбайжан тілдерінде ән айтылып, ұлттық билер орындалды.

Сондай-ақ, мерекелік шарада студенттер арасында  «Квест» ойыны, «Тілтаным» жаңылтпаштар сайысы, «Әнді жалғастыр» секілді қызықты ойындар өткізілді.