Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әкім Таразидің мерейтойына университет оқытушылары да қатысты

Әкім Таразидің мерейтойына университет оқытушылары да қатысты

Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде көрнекті жазушы-драматург, көптеген фильмдердің авторы Әкім Үртайұлы Таразидің 85 жылдығына арналған мерейтойы өтті. Мерейтой іс-шарасының алғашқы күні көрнекті өнер иесін құттықтау рәсімімен басталды.

Оған республика министрліктері мен қоғамдық ұйымдар, Қазақстан жазушылар одағы мен жоғары мектеп өкілдері қатысты. Университет атынан ректор Б.А Ердембековтің  құттықтау хатын мерейтойға арнайы шақырылған Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Францияның халықаралық Конкорд Академиясының мүше-корреспонденті А.М.Мұсаев табыстап, пленарлық мәжілісте “Еркін ойлы қаламгер” тақырыбында  баяндама жасады.  Мерейтойға университет профессоры А.А.Тасимова да қатысты.

Мерейтойдың екінші күні “Тарази тағылымы” атты халықаралық ғылыми-практикалық  конференция жұмысына жалғасты. Оған жазушы-драматург шығармашылығын зерттеп жүрген, алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар, жазушылар, аудармашылар, еліміздің белгілі әдебиет пен өнер өкілдері келіп жүрек жарды сөздерін айтты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Түркияның  Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Жемиле Қынажы, Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Парвана Мамедли, Өзбекстаннан Ташкент педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Козакбай Юлдашев, Өзбекстан жазушылар Одағының қазақ әдебиеті жөніндегі жауапты хатшысы Меманкүл Исламкулов, белгілі ұйғыр жазушы-драматургі Ахмет Әшіров, жазушы-публицист Валерий Михайлов, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев. Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мақпал Оразбек, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, өнертану ғылымының кандидаты Нәзира Мұқышева, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Ләйла Мұсалы, ЕҰУ профессоры, филология ғылымының кандидаты Қарлығаш Байтанасовалар  баяндама жасады.

Мерейтойдың үшінші күні Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген фильмдердің көрсетілімімен басталды. 1968 жылы қырғыздың атақты режиссері Болат Шәншиев түсірген “Қараш-Қараш оқиғасы” фильмі, 2001 жылы қазақ режиссері Сатыбалды Нарымбетов түсірген “Қызжымаған”, 2008 жылы түсірілген “Мұстафа Шоқай” фильмдері көрермендерге ерекше әсер етті. Көріністен кейін фильм режиссері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік  сыйлығының иегері, режиссер Сатыбалды Нарымбетов кино түсіру барысында кездескен қиындықтар мен сәтті тұстары тартымды әңгімелеп берді.

Үш күнге созылған қазақ әдебиеті мен өнерінің ақтаңгер жүйрігі Әкім Таразидің мерейтой  мерекесі өз мәресіне жетті.