Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде «Казхром» трансұлттық компаниясының дәстүрлі ғылыми-техникалық жастар конференциясы өтіп жатыр

Жұбанов университетінде «Казхром» трансұлттық компаниясының дәстүрлі ғылыми-техникалық жастар конференциясы өтіп жатыр

Ғылыми-техникалық бағыттағы жастар конференциясын  «Казхром» трансұлттық компаниясы биыл 11-ші рет өткізіп отыр.  Оған ғылыми жобаларымен 45 жас маман қатысуда. Солардың бірі Асылхан Боккарин, Хромтау тау-кен колледжін тәмамдағаннан кейін кәсіпорынның тәжірибе аймағында еңбек еткен. «Біздің кәсіпорында «Идеялар фабрикасы» бар. Оған жас мамандар өз жұмыстарын ұсына алады. Мен биыл ғылым сайысына бірінші рет қатысып отырмын. Жобам сайыстың алдында талқыланып, оңды тұстары назарға ілікті. Сондықтан конференция сарапшылары да жұмысыма көңіл бөлетініне сенімдімін. Себебі ұсынып отырған жобам «Сапасы жоғарылау электр двигательдерін пайдалану арқылы шахталық жабдықтың сенімділігін жоғарылату» тақырыбына негізделді. Бұл тақырып кез келген өндірісте өзекті», — дейді жас инноватор.

Жастардың ХІ ғылыми-техникалық конференциясын Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры  Рақым Бекназаров ашып, ғылымға ұмтылған жастарға сәттілік тіледі. «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен «Казхром» компаниясы бәсекеге қабілетті металлургтер мен кеншілерді дайындау саласында тығыз серіктестікте. Бұған дәлел, қазіргі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинатында 500-ден аса университет түлегі, соның ішінде 50-ге жуық адам инженер-техникалық лауазымда қызмет жасауда»,-деп атап өтті проректор өз құттықтау сөзінде.

Конференцияның ашылу рәсімінде Тау-кен байыту өндірісі қызметінің бастығы Нұрлан Саринжипов  «Кен орындарын игеру және минералды шикізатты қайта өңдеудің заманауи технологиялары» тақырыбында, Стратегиялық және инновациялық даму басқармасының бастығы Мұрат Қоспанов «Хромды, марганецті және кремнийлі ферроқорытпаларды өндіруге арналған заманауи технологиялар» тақырыбында баяндамалар жасады.

 Ғылыми-техникалық жастар конференциясының жұмысы «Үнемді өндіріс» және «Үнемді қамсыздандыру» бағыттары бойынша 2 секцияға бөлініп, жалғасуда.