Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас мамандарға мүмкіндік мол

Жас мамандарға мүмкіндік мол

Бүгін Жұбанов университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков университетке жұмысқа қабылданған жас мамандармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлы: «Былтырғы оқу жылында  73 жас маман жұмысқа қосылса, биылғы жаңа оқу жылында 36 жас маман жұмысқа қабылданып отыр, оның 3-еуі PhD докторлар. Университеттің негізгі бағыты – жас мамандарды өзімізге тарту. Сондықтан жаңадан қосылған мамандар біздің оқу ордамызға жаңа өзгерістер, тың идеялар алып келеді деген сенімдеміз», — деп, жас мамандарды алдағы уақытта университетте жүзеге асатын іс-шараларға мұрындық болуға, белсенділік танытуға шақырды.

Жиын барысында стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректор Қуанышбек Шүңкеев Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарының  арасында Жұбанов университетінің рейтингісі алғашқы орында екенін мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, Қуанышбек Шүңкейұлы бүгінгі ғылым, білімдегі жетістіктерге тоқталып,  жас мамандарға жақсы жұмыс жасауға сенім артты.

Кездесуде оқу ісі жөніндегі проректор Бибігүл Әбенова: «100ден аса мамандармен сауалнама жүргізіп, оның ішінде 36 маманды жұмысқа қабылдадық. Сондықтан Сіздер өздеріңізге артылған сенімді абыроймен ақтауларыңызға тілектеспін!», — деді. Сөз соңында  Бибігүл Сейілқызы уни­вер­ситетте ғылыми бағыттағы жасалып жат­қан оңтайлы мәселелерге аса ден қойылып жатқандығын, соның ішінде ғылыми әлеуетті күшейту, жас ғалым­дарды ынталандыру, тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында ғылымды дамыту, тың идеяларды жүзеге асыру, тәртіп, тәрбие,  студенттермен байланысты нығайту,  сабақтың сапасына көңіл бөлу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу сынды өзекті мәселелерге және алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.

Дәстүрге айналған кездесу соңында университет ректоры жас мамандарға алдағы уақытта заман талабына сай еңбектеніп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне тілектестігін білдірді.