Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жастар саясаты > Ректор шетелдік студенттермен кездесті

Ректор шетелдік студенттермен кездесті

Жаңа оқу жылының алғашқы күндері Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков 1-курс студенттерімен дәстүрлі кездесу өткізген болатын. Бүгін Студенттер сарайында университет ректоры шет елдерден келген 200-ге жуық 1-курс студенттерімен арнайы кездесті.

 Кездесуде ректор студенттерге оқу орнының ішкі тәртібі мен негізгі ережелерін түсіндіріп, университет қабырғасында және одан тыс жерде қоғамдық тәртіп сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы ол былай деді: «Сіздер үшін өмірдің жаңа деңгейі басталды, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікке назар аударыңыздар. Бүгінде университет білім алып, бірінші дәрежелі маман болғысы келгендердің әрбіріне орасан мүмкіндіктер ұсынуда. Оқуда ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, жан-жақты болуға ұмтылыңыздар».

Сондай-ақ, Бауыржан Аманкелдіұлы  білім алушыларға сабақ үлгерімі үздік болған жағдайда, арнайы степендияларға қол жеткізу  мүмкіндігі бар екенін хабарлады.

Кездесуде ректор білім алушылардың назарын 3 мәселеге аудартты. Ең үздік студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде оқуға және қосдипломды білім алу мүмкіндігі және  кириллицаны үйрену үшін сабақтан тыс арнайы курстардың ашылғаны туралы барлық қажетті ақпараттарды да тілге тиек етті.

Көпшілік үшін қазіргі қажеттілік – жатақхана тақырыбы да талқыланды, сондай-ақ кездесуде студенттердің сабақтан тыс жұмыс жасау,  үштілділік мәселелері де сөз болды.

Содан соң университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бибігүл Әбенова сөз алып,  «Біз сапалы білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Ал, сіздерге қойылған міндет – алдағы бірнеше жыл ішінде білім алу, ол сіздерге қажет болады», — деп, студенттерге  оқытудың кредиттік жүйесінің ерекшеліктерімен де таныстырды. Сөз соңында Бибігүл Сейілқызы факультет декандарына студенттердің кітапханамен жұмыс жасауына ықпал етуді тапсырып, білім алушыларға сәттілік тіледі.

Ректормен кездесу барысында студенттерді оқу ақысынан жеңілдік алу сұрақтары қызықтырды.

Сөз соңында университет ректоры студенттерге түсініксіз сұрақтарға жауап іздегенде әрдайым сақ болу керектігін, әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынын сұрыптай ала білуді және патриотизм, рухани баю мәселесін алға тартты.

 

Сандуғаш Байғұлқызы