Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе мен Пусан жақындай түсті

Ақтөбе мен Пусан жақындай түсті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті – он үш мыңнан астам студент оқитын аймақтағы ең ірі оқу орны. Университет  Президенттің биылғы Жолдауында айтылған «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» деген тапсырмасына байланысты халықаралық ынтымақтастық қызметін жүзеге асыру бағытында шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысын жолға қойды. Соңғы үш жылда 143 келісім жасап, ғылым-білім бағытында байланыстар орнатты.

2017-2018 жылы 12 елдің (АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Польша, Беларусь, Литва, Болгария, Бельгия, Оңтүстік Корея, Франция) жоғары оқу орындарымен және білім саласындағы ұйымдармен 50 меморан­думға қол қойылды. Биыл мамыр айында университет Азия университеттерінің ассоциациясы және Еуропалық универ­ситеттер ассоциациясына (EURAS) мүше болып қабылданды. Ректор Бауыржан Ердембеков бас­таған делегация 2017 жылдың қаңтар айында ресми сапармен Оңтүстік Ко­реяның астанасы Пусан қаласына ба­рып, Тонмен университетімен бірқа­тар келісімшартқа қол қойды. Бұл оқу ор­дасында заманауи IT технология, ком­пьютерлік инженерия, машина жасау салалары бойынша мықты мамандар жиналған. Samsung және LG компа­ниясы қызметкерлерінің көпшілігі – осы Тонмен түлектері. Екі университет арасында қос дипломды білім беру, мамандар алмасу, академиялық ұтқыр­лық сияқты мәселелер терең талданды. Биыл жазда арнайы сапармен Ақ­төбеге Тонмен университетінің ректоры, профессор Жанг Хонг Саб, халықаралық бөлім басшысы Кюанг Джонг Рак келді. Қонақтар әлемнің талай елін аралаған, тәжірибелі саяхатшылар екен. Қазақстан туралы көп ізденіп, дайындалып келіпті. Тарихқа құрметпен қарау, туған жерге құрмет туралы тебірене сөйлейді. Мүм­кін болса, тарихи ескерткіштерді көргісі келетінін айтты. «Қасиетті Қазақстан» тізіміне кірген орындардан «Абат-Байтақ» кесенесін таңдады. Профессор Жанг Хонг Саб философия, гуманитарлық ғылымдар, әлемдік діндер тарихына қатты қызы­ғады екен. Асан қайғы бабаның «Жер­ұйығы» туралы, оның баласы деп есепте­летін Абат-Байтақ туралы аңыз­дың бір­неше нұсқасын сұрады. Көне жәді­гер­лер, ескі құлпытастарды асықпай қа­рап шықты. Ел бірлігі жолында еңбек еткен, қазақ ру-тайпаларының басын қос­қан, қалмаққа қарсы соғыста қол бас­таған, жетім-жесірге қамқор болудан шаршамаған Абат батыр туралы дерек­терді талдай келе «Кең даланың төсіне мынадай ескерткішті халық не үшін тұр­ғызғанына жауап таптым!» деп бала­ша мәз болды. Жетпістен асқан жа­сында өте жеңіл қозғалады. Корей елінің мек­тептерінде, әскерде міндетті түрде таек­вондо ұлттық спортына мән беріледі. Екінің бірі қара белбеу иегері болатыны үйреншікті жағдай. Сыпа­йы­лық, еңбек­қор­лық пен кішіпейілдік – кәрістерде қан­ға сіңген қасиет. Әруақ­тарға дұға ба­ғыштаған кезде жұртпен бірге қол жайды. «Позитив энергиясы мол, киелі жер екен» дейді. Кесене айма­ғымен та­ны­сып болып, кері жүрерде шығыс салты­мен қол қусырып, мавзо­лей­ге тағзым етті. Кездесу барысында Бауыржан Ердембеков: «Бүгінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара тиімді және жемісті экономикалық ынтымақ­тас­тық қалыпты үдерістердің біріне ай­налды. Облыс әкімі Бердібек Са­парбаев пен «Қазақстан – Корей ынтымақ­тас­тығын дамыту орталығы» АҚ-тың ди­ректоры Джонг Хи Ву екіжақты әріп­тестік меморандумына қол қойды. Қазіргі күні Ақтөбеде мұнай және өзге де салалар бойынша онға жуық кореялық компания жұмыс істейді. Тек экономика емес, өзге салалар бойынша да екі ел арасындағы мәдени-гумани­тарлық қарым-қатынастар жыл өткен сайын нығайып келеді. Осы ретте білім беру саласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Пусанның Тонмен университеті арасындағы халықаралық байланыс екі елдің ынтымақтастығын одан әрі ны­ғайтуға көмектеседі деген сенімдеміз» деді. Әзірге Пусанға бір студент оқуын жалғастыруға кетті. Біздің студенттер үшін әзірше ең үлкен қиындық – тіл проблемасы. Кореяда сабақ ағылшын немесе кәріс тілінде жүреді. Осы екі тілді жақсы меңгерген адамға бүкіл есік ашық. Студент жарты жылдың өзінде тілдік практикасын жетілдіріп, ысылып келеді. Уақытты тиімді пайдалану, табан­дылық пен қайсарлық, тек қана өз күші мен біліміне сенуді үйренеді. Бәсекеге қабілетті болудың, еңбек­қорлықтың не екенін бүкіл болмысымен түсінеді. Корей үкіметі 2005 жылы ашқан, қазір әлемнің 58 мемлекетінде 153 орта­лығы бар «Седжон институты» – корей тілі мен мәдениетін насихаттайтын ең ірі жүйе. 1446 жылы корей әліпбиін айналымға енгізген патша Седжонның есімі осылай құрметке бөленді. Корей тілі орталығы үлкейіп, Седжон филиалы Ақтөбеде де ашылуы мүмкін. Қазір уни­верситетте оқытушылар мен студент­тердің әлем тілдерін игеруін жақсарту, тілдік деңгейін көтеру мақсатында Rosetta Stone Advantage шетел тілдерін қашықтықтан үйрену бағдарламасы іске қосылған. Қазіргі таңда төрт мыңдай студент және жүзден астам оқытушы жүйеге тіркеліп, ағылшын тілін жетіл­діруде. Сондай ақ қытай, түрік және поляк тілін үйрету курстары жұмыс істеп тұр. Шетелдік оқу орындарын, олардың ерекшеліктері мен талаптарын таныс­тыратын кезекті жиындардың бірінде бір студент «Шет тілдерін білмеу – адамның өз мүмкіндіктерін өзі шектеуі» деп еді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген аталарымыз қандай парасатты болған. Болашақта Ақтөбеден Оңтүстік Кореяға ондаған, тіпті жүздеген студенттер аттанатын болады. Білімді адамға Қазақстан мен Корея арасы – таяқ тастам ғана жер.

 

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы

https://aikyn.kz/2018/10/03/69326.html