Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жастар саясаты > Бір топ ерікті жастар ЭКСПО-дан оралды

Бір топ ерікті жастар ЭКСПО-дан оралды

Олардың ішінде Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ студенттері де бар. Маусым айының соңында Ақтөбе облысынан 100 ерікті жастар «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қызмет етуге кеткен болатын. Айта кетуіміз керек, олардың 71-і біздің университетіміздің студенттері. Ерікті жастарға университетіміздің осы жылғы түлегі Нарқозы Қартжан жетекшілік жасады.

Еріктілерді күтіп алуға облыстық жастар ресурстық орталық өкілдері, «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы, қаланың белсенді жастары мен еріктілердің ата-аналары, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Клара Төребаева, университеттің баспасөз қызметі өкілдері, жергілікті аймақтық БАҚ журналистері қатысты.

Бұл күні облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен салтанатты күтіп алу шарасы өтті. Шара барысында университет түлегі Нарқозы Қартжан сөз сөйледі: «Біз Ақтөбе облысынан аттанған 100 ерікті өз қызметімізді абыроймен атқара алдық деп айта аламын. Біздің еріктілердің ішінде 20-сы аптаның үздік еріктісі, бір еріктіміз шілде айының үздік еріктісі атағына ие болды. Бұл біздің жауапкершілікпен атқара білген жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Біздің еріктілер тек қызметте ғана емес, қоғамдық шараларда да өздерін белсенділікпен таныта білді. Спартакиада да футболдан екінші, волейболдан бірінші орынды қарсыластарына бермеді»,- дей келе, көрмеде қызмет ету барысындағы тәжірибелерімен, ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ, шарада басқа да еріктілер сөз алып, көрмеден алған әсерлерін жеткізіп, еріктілерді іріктеу, оқыту кезеңдерінің қалай өткізілгендігі, халықаралық көрме барысындағы міндеттемелері мен орналасуы, атқарған жұмыстары  барысында сөз қозғады. Еріктілер мен олардың ата-аналары қолдау білдірген облыс басышылығына, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне, Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығына, «Жас Отан» Жастар қанаты бөлімшесіне алғыстарын жеткізді.