Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде ұстаздарға құрмет көрсетілді

Жұбанов университетінде ұстаздарға құрмет көрсетілді

Бүгін Жұбанов университетінде «Ұстаздық – өлшенбейтін ұлы кәсіп» тақырыбында салтанатты мерекелік шара өтті.  Мерекелік шара «Дүниежүзілік ұстаздар күніне» арналып, ұйымдастырылды. Шара алдында бірнеше әлеуметтік нысандар: ситуациялық орталық пен ARSU STORE брендік дүкенінің ашылуы рәсімі өткізілді. Ситуациялық орталық заманауи коммуникация және интерактивтік құрылғылармен жабдықталған. Орталық түрлі жағдайлар туындағанда нысандарды жіті қадағалауға және сараптама жүргізіп отыруға мүмкіндік береді. Ал, ARSU STORE дүкенінде тек университетке қатысты тауарлар мен заттар емес, болашақта сонымен қатар облысымыздың брендтік өнімдері де тұтынушы назарына ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, концертке шақырылған  ұстаздар қауымы студенттердің «Дипломдық жұмыстар көрмесін» тамашалады.

Мерекені университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков ашып, университет ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады. «Ұстаз – ұлы есім. Жерде жүрген кәсіпкер де, айға ұшқан ғарышкер де ұстаздың алдынан өтеді. Өміріңде жақсы ұстазға кезіксең, онда тағдырыңның жанғаны, ал, жәй сабақ берушіге жолықсаң өміріңнің солғаны. Қолына диплом алғанның бәрі, класқа, аудиторияға кіріп сабақ беруі мүмкін, бірақ соның барлығы ұстаз деген ұлағатты атты арқалап кетуі екіталай. Ұстаздарға арналған атаулы күннің сонау 1965 жылы қазан айының алғашқы жексенбісі болып бекітілілгені бәрімізге мәлім», – деп бастады өз құттықтауын Бауыржан Аманкелдіұлы.

Әрі қарай ректор өткен аптада жарияланған Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты өз лебізін білдіре тұрып,  университеттегі қол жеткен жетістіктерді атап өтті. «Университетіміздің ұйымшыл ұжымының ықылысты еңбегі мен кәсіби ынтасы өз нәтижесін беруде. Аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз агенттігінің қорытыныдысы бойынша былтырғы 12-ші орынан биыл 7-ші орынға көтерілуіміз – ең алдымен біздің профессор-оқытушыларымыздың ерен еңбегінің көрсеткіші екендігін бүгін тағы да ерекше атағым келеді. Қазіргі таңда университетімізде білім алып жатқан 13325 студент, магистрант пен докторанттың кәсіби білікті маманға айналып, ғылым жолында жетістікке жетуі сіз бен біз берген сапалы білімге байланысты. Сапалы кадрларды тек қана ұстаз шығара алады. Осының барлығы – қара шаңырақтағы еңбекқор ұстаздар мен қызметкерлердің қарымды қарекеті. Сондықтан да Жұбанов университеті биылғы  2018-2019 оқу жылын «Сапалы білім беру» жылы деп белгілеп отыр. Біздер, Жұбанов университеті ұлы  даланың құтты мекені болған Ақтөбе өңірінің одан әрі көркейе беруіне кепілдік беруіміз қажет» – деп қорытындылады өз сөзін университет ректоры.

Одан соң Б.Ердембеков білім алушыларға тәлім-тәрбие мен болашаққа бағдар беруде ерекше еңбек етіп жүрген ұстаздарға түрлі дәрежедегі марапаттарды табыстады.

Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеевке, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін университеттің Ғылыми хатшысы Абылай Мұхамбетжанға, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабановқа, ҚР білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Құрмет грамотасын Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаевқа, «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Кургамбековке, ҚР білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Бас директоры С.Мұстафаевтың Алғыс хатын Асан Мусаға салтанатты түрде табыстады.

Облыс әкімінің Алғыс хаты ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаровқа, Кәсіптік-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаровқа, Экономика және құқық факультетінің деканы Аслан Тасмағамбетовке, Техникалық факультетінің деканы Өтеген Сариевке, Педагогика факультетінің деканы Жанна Жусуповаға, Жаратылыстану факультетінің деканы Мұрат Махамбетовке берілді.

Сондай-ақ, мерекелік кеште университет ректоры 21 оқытушы мен қызметкерге өз атынан Алғыс хат табыстап, «Қ.Жұбанов» медалімен 2 адамды, «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалімен 9  адамды марапаттады. Ал 18 оқытушы мен қызметкер Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымының атынан Алғыс хаты мен және ақшалай сыйлығын алды.

Мерекелік іс-шара ұстаздар құрметіне арнап дайындалған концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Сандуғаш Байғұлқызы