Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Польшада «Қазақ елі» мәдениет орталығы ашылды

Польшада «Қазақ елі» мәдениет орталығы ашылды

Қазан айының 5 күні Польшаның солтүстігіндегі ірі өнеркәсіп ор­та­лығы әрі қарқынды дамушы шаһарларының бірі – Быдгощ қаласында ұлтымыздың мәде­ниетін, салт-дәстүрін дәріптеу, елі­міздің тарихы мен бүгінін кешенді таныту бағытында ай­ту­лы шара болып өтті. Рә­сім бары­сында Быдгощтың бе­дел­ді жоғары оқу орындары қата­рындағы Экономика жо­ғары мектебінде «Қазақ елі» атты қа­зақ мәдениетінің орта­лығы сал­танатты түрде ашылды.

Орталықтың, жергілікті Эко­но­мика жоғары мектебі мен Қ.Жұба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекет­тік университетінің арасында орнаған тығыз ынтымақтастықтың барысында, Қазақстан тарапының бастамасымен ашылғандығын айту қажет.

Айдыны күмістей жарқыраған көп­­те­ген каналдар келбетіне өзін­дік ерекше сипат берген осыбір жа­сыл шаһардың көрікті жерлері­нің бірінде орын тепкен оқу орда­сын­­дағы шараға қала басшысы­ Рафал Бруский, Қазақстанның Польша­дағы елшілігінің консулы Азамат Балабеков, Польшаның Куяв – Помор воеводтығы Шубин қаласының басшысы Артур Михалак, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, Қапшағай қаласы әкім­дігінің өкілі Наталья Носова, соны­­мен қатар қала жоғары оқу орын­дарының профессорлық-оқы­тушылық құрамы, қазақстандық және жергілікті сту­денттер қатысты.

Алғашқы сөз алып, жиынды аш­қан Экономика жоғары мектебінің президенті Кшиштоф Сикора мырза орталықтың қазақ мәдениетін насихаттайтынын тілге тиек етіп, қазақ-поляк байланыстарының одан әрі қарқынды дами беруіне тілектестік білдірсе, кезекті болып сөз сөйлеген елі­міздің Польшадағы консулы бүгін­гі күні қос мемлекет арасындағы қа­­­­­ты­­­­настарды нығайтуға қажетті бар­­лық жағдайдың жасалғандығын айта келіп, тұсаукесері өткізілген «Қазақ Елі» мәдениет орталығына мемлекетіміз туралы ақпараттық сипаттағы еңбектерді, сонымен бірге ақын-жазушыларымыздың көркем туындыларын сыйға тартты.

Еліміздің Павлодар қаласымен бауыр­­лас қала статусындағы Быд­гощ шаһарының басшысы болса гео­графиялық тұрғыдан екі мемлекет­тің алшақ орналасқандығына қара­мастан, қазақ-поляк байланыстарының ұзақ дәстүрі бар екендігін айта ке­ліп, ор­та­лықтың сол байланыстарды ны­­ғайта түсетіндігіне сенім біл­дір­ді. Танымал саясаткер өз сөзінің со­ңын: «Байланыстарымыздың ең­­ маңызды құрамдасы – жастар. Олар өз мәдениетінің өкілі, шынайы ел­шісі қызметін атқарады» деп қо­ры­тын­дылады.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік универси­те­тінің ректоры Бауыржан Ердем­бе­ков келер жылы Ақтөбе өңірлік уни­вер­­ситетінің базасында «По­ляк­ мәде­ниет орталығын» ашу жоспар­лан­ғанынан хабардар етті. Сонымен бірге ол өзі басқаратын оқу ордасы мен Быдгощ Экономика жо­ғары мектебінің арасындағы тығыз ынтымақтастықты сөз етіп, соң­ғы бес жылда «Еразмус +» және «Ака­­­­демиялық ұтқырлық» бағ­дар­лама­ларының аясында елу шақты ақ­тө­белік студенттің аталған әріптес оқу орнында білім алғандығын мәлім етті.

Салтанатты рәсімнің соңын ала мінберге көтерілген Шубин қаласы­ның бурмистрі Артур Михалак өзі бас­қаратын шағын қаланың Қапшағай қаласымен ынтымақтастықта екен­дігін айта келіп, өзі куә болған қазақ халқына тән өзге дін және мәдениет өкілдеріне деген толеранттылықты, ата-бабасын жадынан шығармау және шыққан тегін білу, қонақжайлылық сынды қасиеттерді ерекше ыждаһатт­ылықпен сөз етті.

Салтанатты шараның соңы Қапша­ғай қаласынан арнайы келген дәстүрлі әнші әрі күйші Гүлсім Бекбосынова мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­­лік мемлекеттік университеті өнер­­паз­дарының концерттік бағдар­ламасына ұласты.

 

Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Польша Быдгощ қаласы