Воскресенье, Декабрь 16, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Ойлағаны — елдің жағдайы

Ойлағаны — елдің жағдайы

Дәулет ӘБЕНОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Барлық жоғары оқу орындарының, оның ішінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауымен танысып, ой елегінен өткізу үстінде.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі неде? Елбасының осының алдындағы Жолдаулары, әлеуметтік бастамалары халықтың қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған саясатының жалғасы болса, бұл жолғы тарихи құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Мұның көп мысалдарын Үкіметке берілген тапсырмалардан көруге болады. Ең төменгі жалақы мөлшері өсетін болды. Отандық бизнесті одан әрі дамытуда айқын мақсаттар белгіленді. Салықтық рақымшылықтың  жариялануы шағын және орта бизнестің дамуына кеңінен жол ашады. Экономиканы нығайту жолындағы алдағы қадамдар айтылып, ысырапшылдыққа жол бермеу, шикізатты, қаржыны үнемдеу мәселесі қойылды.

Жолдаудың басты мәселесінің бірі — шикізатты өңдеу өнеркәсібін нығайту, импортты түбегейлі азайтып, экспортты ұлғайту болды.  Елбасы: «Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет», — деді.

Әрине, Президент алға қойған осындай толып жатқан мақсаттар мен міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін тың күш — білімді, білікті жастардың жігері, қажыр-қайраты қажет. Елбасын толғандыратын жағдай да осы — болашақ жастардың заманға сай білім алуы. Тек қазіргі жаһандану кезеңінің талаптарына сай келетін жастар ғана Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің арасынан ойып тұрып орын алуына  үлес қоса алады. Осы ретте Жолдауда жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру шаралары қарастырылды. Бұл бізге — білім саласында қызмет атқаратын оқытушылар құрамына зор міндеттер жүктейді.