Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Польшада «Қазақ елі» мәдени орталығы ашылды

Польшада «Қазақ елі» мәдени орталығы ашылды

Қазақстанның Болон конвенциясына қосылуы мен жоғары оқу орындарына берілген академиялық еркіндік  ғылым-білім мекемелерінің шетелдермен байланыстарына жаңа серпін берді. Жуырда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков бастаған ғалымдар Польша Республикасына іссапармен барды.

Ғалымдарды алдымен Қазақстанның Польшадағы елшісі Марғұлан Бақытұлы қабылдап, елшілік қызметімен таныстырды.

— Екі елдің арасында тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Ғылым-білім және мәдени байланыстар нығаюда. Қазір Польшада оқып жүрген Қазақстан студенттерін біріктіретін «Барыс» қоғамы бар. Қазақстан елшілігі бейбіт мақсатта, екі жаққа тиімді шаруамен жүрген өз азаматтарын қолдауға дайын, — деді елші.

Осы сапар аясында Быдгощ Экономикалық университетінде «Қазақ елі» мәдени орталығы ашылды. Шараға Қазақстан елшілігі атынан Азамат Балабеков, Быдгощ қаласының мэрі, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Б.Ердембеков  университет атынан  оқу орнының президенті Кристоф Сикора мен Экономика Университетінің ректоры Веслав Ольшевскиге, Халықаралық байланыстар ісі жөніндегі проректор Мажена Собчак-Михайловскаяға алғыс айтып, естелік сыйлықтар тапсырды. Спорт және дене шынықтыру институтының директоры, профессор Александр Скалийге бірнеше жыл Ақтөбеге келіп студенттерге дәріс оқығаны және жаңа әдістермен шеберлік сабақтарын жүргізгені үшін «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді.

6 қазанда Быдгощта жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты мәжіліс өтті. Қала мэрі, компания және фирма жетекшілері, қалалық білім департаменті бастығы, алқызыл мантия жамылған профессорлар шоғырланған жиында оқу жылына қатысты ең маңызды жаңалықтар талқыланды. Жыл сайын Халықаралық байланыстар бойынша ерекше еңбегі сіңген бір адамға «Әулие Ядвига патшайым» медалін береді екен. Экономика университетінің сенаты бірауыздан Қ.Жұбанов университетінің ректорына дауыс берген. Медалді университет президенті профессор Криштоф Сикора мен ректор Веслав Ольшинский тапсырды.

Ядвига — Польша тарихындағы жалғыз әйел патшайым. 1384 жылы елдегі азамат соғысы кезінде, он үш жасар Ядвига таққа отырған. Әйел екенін жария қылуды қаламаған айналасы оны «Ядвига король»  деп атаған екен. Оның билігі кезінде елде ауруханалар мен діни қайырымдылық үйлері көп салынған. Мүсәпірлер мен  ауру адамдар, жетім-жесірлер  үшін қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырған. Краков академиясы (XIX ғ. бастап Ягеллон университеті) қаржылық дағдарысқа ұшырап, жабылу алдында тұрған кезде, Ядвига патшайым өзінің барлық қымбат әшекей бұйымдарын сатып, жиған қаржысын түгел университетті өркендету жолына жұмсаған. Рим Папасынан рұқсат алып, теология факультетін ашқан. Оқу орнының беделі күрт өсіп, шетелдерден студенттер келе бастаған.

Халқының 98 пайызы католик дінін ұстанатын Польшада Ядвига патшайым — өте құрметті тұлға. Рим Папасы Иоанн ІІ 1997 жылы оны әулие деп жариялаған. Польшада ол ғылым мен мәдениеттің қамқоршысы саналады.

Жиында Б.Ердембеков польшалық әріптестерін жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттіліктер тіледі.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 2013 жылы Быдгощ Экономика Университетімен ғылым-білім бағытында әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бес жылдан бері екі университет осы бағытта жұмыс істеп келеді. Академиялық ұтқырлық бойынша 30 ақтөбелік студент аталған университетте оқып шықты.

 

 Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің

Халықаралық ынтымақтастық орталығының аға ғылыми қызметкері