Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Студенттік лига құрылды

Студенттік лига құрылды

Брифинг

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы өңірдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында Ақтөбе студенттері лигасын өткізеді.

Бұл туралы кеше баспасөз мәслихаты барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов мәлімдеді.

Студенттік лига 12 қазан мен 9 қараша аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен М.Оспанов атындағы медициналық университетінің базасында ұйымдастырылады. Спорттың 5 түрі бойынша өтетін жарысқа 200-ге жуық студент-жастар қатысады.

— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында спорт ғимараттарын, əсіресе оларды оқу орындарында тиімді пайдалану бойынша біздің алдымызға міндеттер қойды.  Студенттер лигасы осы тапсырманы орындау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауымен өткелі отырған Ақтөбе студенттері лигасы — өңірдегі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жастардың бұқаралық спорт ойындарына деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ олардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына арналған қолайлы алаң, — деді Нұрлан Күнтуов.

Айта кетейік, Ақтөбеде бүгінде 24 мыңнан астам студент білім алатын 6 жоғары оқу орны бар. Оның екеуі мемлекеттік болса, 2 жоғары оқу орны — жекеменшік, ал 2 оқу орны режимдік тәртіпте жұмыс жасайды.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ