Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Рухани құндылықтар қоймасы жаңа кітаптармен толықты

Рухани құндылықтар қоймасы жаңа кітаптармен толықты

Қазір әлемде 1,24 млрд веб-сайт бар екен. Күн сайын интернетке сансыз ақпарат легі құйылады. Ақпарат тасқыны өскен сайын адамның рухани әлемі әлсіреп, жанды роботқа айналып барады. Жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани байлықты сақтап қалу — күн тәртібінен түспейтін және кезек күттірмейтін шаруа. Атақты физик Сергей Капица «Қару-жараққа кетіп жатқан миллиардтаған қаржыдан білім беру мен денсаулық салаларына ең болмаса миллиондар бөлінсе ғой. Онда терроризм өзінен-өзі жойылар еді» деген еді.

Жұбанов университетінің ғылыми кітапханасы жыл сайын жаңа кітаптармен толығып,  оқырмандардың рухани сұранысын өтеп отыр. 11 қараша күні Қ.Жұбанов атындағы конференц-залда педагогика факультетінің студенттері мен магистранттары  кітапхана қорына биыл қосылған бес кітап туралы жан-жақты мәлімет алды. Кітаптарды оқып үлгерген кісілер ой-пікірлерін ортаға салды. Доцент Мейрамгүл Есенғұлова психология ғылыми мектептері мен қазіргі қоғамда шешімін күтіп тұрған күрмеулі мәселелер туралы әңгімеледі. «Дефектология» мамандығының 2 курс студенттері Салтанат Жолдасбаева мен Лаура Базылбаева оқырман ретінде алған әсерлерін айтып, замандастарын «Отбасы хрестоматиясын» толық оқып шығуға шақырды.

«Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітаптарда адами құндылықтар, Отан мен отбасы алдындағы азаматтық парыз, өмірге құштарлық мәселелері өте жақсы көрсетілген. Мектепте оқытылатын тарих пен әдебиет, дінтану, адам және қоғам пәндеріне көмекші оқу құралы және тәрбие жұмыстарында дайын жоспар ретінде пайдалануға болады. Кітаптардың мазмұны туралы қысқаша баяндай кетейік.

«Әлдиден эпосқа дейін». Рухани бастау — аңыз-ертегі, қисса-хикая, жыр дастандар желісінен тұрады. Халықтың генетикалық кодында сақталған мифтер мен бұрын басылған кітаптарда кездеспейтін бесік жырының сирек кездесетін нұсқалары, аушадияр өлеңдері, қазақ ұлтының сакральды ұғымдары жинақталған.

«Салт-дәстүр сөйлейді». Кітапта Түркі-Ислам өркениеті заманында қалыптасқан қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып нормалары жинақталған. Ырым-тиымдар, табу дәстүрлері шет елдерде өмір сүрген көнекөз қариялардан жазып алынып, түсінікті тілде баяндалады. «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген ырым-тиымдарды талдайды.

«Сияр шәріп». Кеңес билігіне дейін медреселерде оқытылған он екі пәннің бірі. Кітапта Мұхамбет пайғамбардың қиссалары қазақ дүниетанымы бойынша баяндалған. Қазақы қиссаларда пайғамбардың образын мейірбан, ақжүрек, қонақжай, парасатты, әділ ретінде сипаттайды. Ата-ананы құрметтеу, адамгершілік құндылықтарды тоқтаусыз дамытуға ұмтылыс, ғылым-білім іздеу туралы құнды пікірлер бар.

«Логотерапия немесе өмірге құштарлық» — психология бойынша жиі жарық көріп жатқан басқа кітаптардан өзгерек. Бұл кітапта адамның ең биік қалауы мен арманы жайлы түрлі ой-пікірлер егжей-тегжейлі талданған. Рухани болмыс-бітіміңді айшықтап, құндылықтар әлеміне жалғап, көкірек көзіңді ашуға талпынады. Аталған кітап оқырманға өзін-өзі тануды,  рухани болмысы, еркіндігі, жауапкершілігі туралы білуге септеседі.  Кітап әлемге танымал психотерапевт Виктор Франклдың еңбектерінен құрастырылған.

Ресми деректер мен баспасөзге сүйенсек, әлемде жыл сайын миллионға жуық адам өз өмірін қиятын көрінеді. Әлемнің алпауыт және бақуатты елдері АҚШ, Франция, Германияда да бұл проблема бар. Жапония суицидке қарсы күрес үшін жыл сайын 35 миллиардқа жуық доллар бөліп, кешенді түрде күресіп келеді. Екі бүйірдегі көршілеріміз Ресей мен Қытай да қаралы статистика бойынша көш басындағы елдер қатарында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Халықаралық суицидке қарсы күрес ассоциациясы ұсынысымен БҰҰ 10 қыркүйекті — суицидке қарсы күрес күні деп жариялады. Осы ұйымның есебі бойынша әрбір 100 мың адам арасынан суицидке жиырма кісі барса — бұл қауіпті деңгей деп саналады. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл көрсеткіш 52-53 адамға жетіп отыр. Білім беру мекемелерінде суицидтің алдын алуға бағытталған қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. «Логотерапия» — қазақ тіліндегі тұңғыш аударма. Қазірге дейін кітаптың Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында презентациясы өтті. ҚазМҰУ, ҚазҰПУ, Қыздар МПИ, С.Демирел атындағы университетте логотерапиямен таныстыру лекциялары өтті. Суицидке қарсы күрес, бұл індеттің бетін қайтару бүкіл қоғам, барлық құзырлы орындар, білім мен тәрбие мекемелері жұмыла кіріскенде ғана шешуге болатын шаруа.

«Яссауи феномені». Қожа Ахмет Яссауи жайлы тың аңыз-қиссалар жинақталған. Хикметтері экзистенциялық формада жаңаша талданады. Қазақ жұрты соңғы бес ғасырда талай нәубетті бастан кешті. Этнос ретінде жойылып барып, осы рухани феномендер арқасында қайта өркендеді. Хикмет ілімі Ұлы Далада мың жыл дамып, өзіндік бір өркениетке айналып кеткен еді. Өкінішке орай, кеңестік билік бұл өркениетті қатты әлсіретті. Діни радикализм мен фанатизмнен сақтану үшін айналаға ғылым және прогресс көзімен қарау керек. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз өткен тарихи тізбектен айырылып қалуға болмайды. Кітапта Яссауи іліміне қатысты сауалдарға жауап табасыз.

«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, мәңгілігін ойлаған ел — ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген сөз кітаптардың мазмұнына толық сай.  Жаңа кітаптарды Жұбанов университеті ғылыми кітапханасының барлық оқу копустарындағы бөлімшелерден алып оқуға болады.

Айшуақ Дәрменұлы