Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани құндылықтар қоймасы

Рухани құндылықтар қоймасы

Қазір әлемде 1,24 млрд веб-сайт бар екен. Күн сайын интернетке сансыз ақпарат легі құйылады. Ақпарат тасқыны өскен сайын адамның рухани әлемі әлсіреп, жанды роботқа айналып барады. Жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани байлықты сақтап қалу – күн тәртібінен түспейтін және кезек күттірмейтін шаруа. Атақты физик Сергей Капица «Қару-жараққа кетіп жатқан миллиардтаған қаржыдан білім беру мен денсаулық салаларына ең болмаса миллиондар бөлінсе ғой. Онда терроризм өзінен-өзі жойылар еді» деген еді.

DSC_0900

Университеттің ғылыми кітапханасы жыл сайын жаңа кітаптармен толығып,  оқырмандардың рухани сұранысын өтеп отыр. Жақында Қ.Жұбанов атындағы конференц-залда педагогика факультетінің студенттері мен магистранттары  кітапхана қорына биыл қосылған бес кітап туралы жан-жақты мәлімет алды. Кітаптарды оқып үлгерген кісілер ой-пікірлерін ортаға салды. Доцент Мейрамгүл Есенғұлова психология ғылыми мектептері мен қазіргі қоғамда шешімін күтіп тұрған күрмеулі мәселелер туралы әңгімеледі. «Дефектология» мамандығының 2 курс студенттері Салтанат Жолдасбаева мен Лаура Базылбаева оқырман ретінде алған әсерлерін айтып, замандастарын «Отбасы хрестоматиясын» толық оқып шығуға шақырды.

«Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітаптарда адами құндылықтар, Отан мен отбасы алдындағы азаматтық парыз, өмірге құштарлық мәселелері өте жақсы көрсетілген. Мектепте оқытылатын тарих пен әдебиет, дінтану, адам және қоғам пәндеріне көмекші оқу құралы және тәрбие жұмыстарында дайын жоспар ретінде пайдалануға болады.

DSC_0888

Кітаптардың мазмұны туралы қысқаша баяндай кетсек, «Әлдиден эпосқа дейін» кітабы – аңыз-ертегі, қисса-хикая, жыр дастандар желісінен тұрады. Халықтың генетикалық кодында сақталған мифтер мен бұрын басылған кітаптарда кездеспейтін бесік жырының сирек кездесетін нұсқалары, аушадияр өлеңдері, қазақ ұлтының сакральды ұғымдары жинақталған. «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында Түркі-Ислам өркениеті заманында қалыптасқан қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып нормалары жазылған. Ырым-тиымдар шет елдерде өмір сүрген көнекөз қариялардан жазып алынып, түсінікті тілде баяндалады. «Сияр шәріп» – Кеңес билігіне дейін медреселерде оқытылған он екі пәннің бірі. Кітапта Мұхамбет пайғамбардың қиссалары қазақ дүниетанымы бойынша баяндалған. Қазақы қиссаларда пайғамбардың образын мейірбан, ақжүрек, қонақжай, парасатты, әділ ретінде сипаттайды. Ата-ананы құрметтеу, адамгершілік құндылықтарды тоқтаусыз дамытуға ұмтылыс, ғылым-білім іздеу туралы құнды пікірлер бар. «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» – психология бойынша жиі жарық көріп жатқан басқа кітаптардан өзгерек. Бұл кітапта адамның ең биік қалауы мен арманы жайлы түрлі ой-пікірлер егжей-тегжейлі талданған. Рухани болмыс-бітіміңді айшықтап, құндылықтар әлеміне жалғап, көкірек көзіңді ашуға талпынады. Аталған кітап оқырманға өзін-өзі тануды,  рухани болмысы, еркіндігі, жауапкершілігі туралы білуге көмектеседі. Кітап әлемге танымал психотерапевт Виктор Франклдың еңбектерінен құрастырылған. «Яссауи феномені» кітабында Қожа Ахмет Яссауи жайлы тың аңыз-қиссалар жинақталған. Хикметтері экзистенциялық формада жаңаша талданады. Кітапта Яссауи іліміне қатысты сауалдарға жауап табасыз.

«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, мәңгілігін ойлаған ел – ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген сөз кітаптардың мазмұнына толық сай. Егер сізді рухани даму мен ұрпақ тәрбиесі қызықтыратын болса, кітаптарды университетке қарасты барлық кітапханадан алып оқуыңызға болады.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, Ақтөбе облысы