Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қос ұстазды зейнет жасымен құттықтады

Қос ұстазды зейнет жасымен құттықтады

Бүгін Жұбанов университетінде кәсіби-шығармашылық факультеті, «Бейнелеу өнері және кәсіптік білім» кафедрасы өнертану  ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы  Әбдрашид Раймбергенов пен  педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Мұса Шаштығариннің зейнеткерлік жасқа толуына арналған салтанатты шара өткізді.  Салтанатты шараға  аталмыш факультеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттері  қатысты.

Шара басында факультет деканы Сабыржан Мұхтаров қос ғалымның дара жолдарына жеке тоқталып, білім мен ғылым саласына сіңірген еңбектерін, ұстаздық ізгі қасиеттерін ерекше атап көрсетті. Қуаныш иелеріне әріптестері атынан естелік сый тарту етті.

Сондай-ақ құттықтау сөз сөйлеген «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Қорғамбеков зейнет жасына толса да екі ұстаздың өнегелі еңбектерін табысты жалғастырып келе жатқандарын, әлі де жастарға білім мен тәрбие беруде  оқытушылық қызметтеріне жеміс тіледі.

Шараның ерекше толқынысты сәті — Әбдрашид Раймбергеновтің қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша дарынды шәкіртінің бірі,  «Музыкалық білім» мамандығының 2-курс студенті Асу Дәуренге Алматы қаласында арнайы жасатқан домбыраны сыйға тартуы болды.  Құнды сый шәкірттің өнерінің өрлеуіне медеу болары сөзсіз.

Салтанатты шара факультет  студенттері дайындаған шағын концертпен жалғасты.

Сандуғаш Дүйсенбаева