Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өтежан ақынның тойы барысында №6 оқу ғимаратына Н.Байғанин есімі берілді

Өтежан ақынның тойы барысында №6 оқу ғимаратына Н.Байғанин есімі берілді

Жұбанов университетінде бүгін қазақтың көрнекті ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай  мерейтойлық шаралар өтіп жатыр.

Салтанатты  күн  Гришин көшесінде орналасқан университеттің №6 оқу ғимаратына жыр алыбы Н.Байғаниннің есімін беру рәсімімен басталды. Мерекені бастаған ректор Бауыржан Ердембеков екі поэзия тарланының арасындағы рухани сабақтастыққа тоқталып, оқу ғимараттарына ат беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі-өнеге құралы ретінде бағалы екенін ерекше айтып өтті.

Шараға қатысқан Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момын Байғанин ардақты әкесіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Шара әрі қарай бірнеше игілікті істермен жалғасты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ашылғанына алдағы жылдың 1-қыркүйегінде 30 жыл толуына орайластырып, филология факультетінің бұрынғы деканы, өмірден ерте кеткен, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Бермағанбет атындағы дәрісхана ашылды.

Серік Жұбандықұлы Бермағанбеттің жұбайы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бағила Мұратбекқызы университет ұжымы мен әріптестеріне отбасы атынан алғысын жеткізіп, «Филология» мамандығының 3-курс студенті Нұрай Амирханова мен 4-курс студенті Арайлым Тәжімбетоваға «С.Бермағанбет атындағы» шәкіртақыны табыс етті.

Дәрісхананың ашылуына үлес қосқан Серік Бермағанбеттің достары Мағауия Қосайұлы мен Құрышбек Нығыметұлы университет ректоры Бауыржан Ердембековтің қолынан  Алғыс хат алды.

Филология факультетінің деканы Күлзат Садирова қазан айының бастап «Ұстаздарға мың тағзым» акциясы жүргізіліп жатқанын және оның келесі жылдың қазанына дейін жалғасатынын айтып, келген қонақтарға сый-сияпат жасады.

Мереке филология факультетінің конференц залына мерей той иесі филология факультетінің конференц-залына Өтежан Нұрғалиев атын берумен жалғасты. Алдымен сөз алған ректор Бауыржан Ердембеков: «Конференц- залға ақын ағаның  есімін беруге шешім қабылданғаннан кейін, дайындық жұмыстарын жүргіздік. Арнайы стенд құрып, университет дизайнерлері ақынның мүсінін сомдады. Осы жерде ақынның өлмес туындылары қайта жаңғырып, оның есімі жиі еске алынатын болады деп сенемін», — деді.

Басқосуға жиналған зиялы қауым ақын Өтежанның от жырлары мен ерекше тұлғасы жайлы толғаған естеліктерін айтты.

Филология факультетінің 2-курс студенті Самғар Орынбай «Өтежан ақынға арнау» өлеңін орындады.

Мерейтой «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісімен жалғасты.

Сандуғаш Байғұлқызы