Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әдеби болмыс және дәуір шындығы

Әдеби болмыс және дәуір шындығы

Мерейтой

Қазақтың көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында кеше Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: Әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты конференция өтті.

Студенттер сарайында өткен бұл конференцияның пленарлық мәжілісіне осы мерейтойға орай Астана мен Алматыдан, еліміздің басқа өңірлері мен шетелдерден келген қаламгерлер мен ғалымдар, ақынның туыстары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Ақын мерейтойына арналған шараларға қатысу үшін, Астанадан арнайы келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердина да көпшілікке өз лебізін жеткізіп, министр Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқып берді.

Бұдан кейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков мінбеге шығып, Өтежан шығармашылығы туралы сөз қозғады және екі студентке арнайы стипендия табыстады. Олар — жас ақындар, ІІІ курс студенті Әлихан Жақсылық пен ІІ курс студенті Самғар Орынбай.

Жиын барысында көпшілікке осы мерейтойға орай жарыққа шыққан кітаптар таныстырылды: біріншісі — Өтежан ақын туралы мақалалар мен естеліктер, сондай-ақ ақынның басылымдарға берген сұхбаттары топтастырылған «Өтежан» атты кітап; екіншісі — Өтежан ақынға арналған өлеңдерден құралған «Сыймай кеткен қалыпқа» атты кітап.

Конференцияда жазушы Шәрбану Бисенова, ақын Ертай Ашықбаев, ақын Есенғали Раушанов, жазушы Мәди Айымбетов, Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхон Сойлемез, Өтежанның университетте бірге оқыған курстасы, белгілі журналист Идош Асқар, ақын Жанат Әскербекқызы, ақын Светқали Нұржанов, т.б. баяндама оқып, сөз сөйледі.

Бұдан кейін конференция «Қазіргі қазақ лирикасы және Ө.Нұрғалиев шығармашылығы», «Ө.Нұрғалиев шығармашылығындағы дүниетаным және руханият мәселесі» және басқа да тақырыптарда секциялық мәжілістермен жалғасты.

Мерейтой аясында, сондай-ақ, «Өтежан-ғұмыр» атты республикалық поэзия марафоны, «Өтежан оқулары» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы өтіп, «Өтежан өлеңдері» атты бейнепоэзия эстафетасы  мен мерейтойға орай ұйымдастырылған республикалық жыр мүшәйрасы қорытындыланды.

***

Өтежан Нұрғалиевтың 80 жылдығына орай Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Гришин көшесіндегі №6 оқу ғимаратында ақын атындағы конференц-зал ашылды. Ал ғимаратқа Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілді. 

Салтанатты шарада университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков жиналғандарды құттықтады.

— Бір ақынды бір ақын, бір тұлғаны бір тұлға толықтырып  жатса, әбестік болмас деп Өтежан Нұрғалиевтың 80 жылдығымен сабақтастырып, осы ғимаратқа халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімін беріп отырмыз, — деген ректор бұндай шаралардың әлі жалғаса беретінін айтты.

Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момын Байғанин жұртшылыққа батасын беріп, осы шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Бұдан соң Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдың лентасы қиылды.

Ардагер ұстаз Ниетжан Беріков ақынның балалық шағы, оның азаматтығы мен ақындығы  туралы кеңінен әңгімеледі.

Сондай-ақ келер жылы  қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ашылғанына отыз жыл толады. Осыған  байланысты ғимарат ішінен мамандық ашылғаннан бастап еңбек етіп, кейін факультет деканы болған әдебиеттанушы-ғалым Серік Бермағанбет атындағы дәрісхана ашылды.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Кәмшат ҚОПАЕВА