Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Зияткерлік меншік аспектілері туралы семинар өтті

Зияткерлік меншік аспектілері туралы семинар өтті

Жұбанов университетінің ғылым және инновациялық бағдарламалар департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік объектілері және олардың қорғалуы» тақырыбында семинар өтті. Семинарға «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ң мамандары шақырылды.

Осылайша шараға аталмыш мекеменің өнертабысқа және пайдалы модельдерді ойлап табуға өтінімдерді сараптау бойынша тәжірибелі маман, авторлық құқықты қорғау курстарының оқытушысы Құрманбаев Амидолла Шайзадаұлы, Жұбанов университетінің ғылым және инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берiкхан Iсбек, департамент қызметкерлері, физика-математика, техникалық және жаратылыстану факультеттерінің оқытушылары қатысты.

Еске сала кетсек, университеттегі патенттердің басым көпшілігі физика-математика факультетінің оқытушыларына тиесілі.

Семинар барысында өнертабыс, пайдалы модельдер саласындағы құқық қорғау мәселелері, өтінімдер беру талаптары, өтімнімдер сараптамасын өткізу ережесі, ұлттық және шетелдік базалар бойынша патентті-ақпаратты іздеу жұмыстарын өткізу, өндірістік меншік объектілеріне құқықты келісім-шарт негізінде беру, электронды өтінім беру барысында «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК ақапарттық ықпал етуі туралы сөз болды.

Семинарға қатысушыларды өндірістік меншік объектілерін тіркеу, 2018 жылдың 28 мамырында қабылданған ҚР «ҚР кәсіпкерлікті реттеуді жетілдіру бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен қосымшаларды енгізу туралы» Заңына енген өзгерістер турасындағы сұрақтар қызықтырды. Сонымен қатар екіжақты көтерілген сұрақтар бойынша әрі қарай тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға әзірліктерін жеткізді.