Среда, Октябрь 18, 2017
Басты > Білім > ҰБТ-дан өтпей қалған балаларға материалдық көмек беріледі

ҰБТ-дан өтпей қалған балаларға материалдық көмек беріледі

ҰБТ-дан өтпей қалған талапкерлер үшін бағдарлама аясында 321 колледжде шәкіртақы төленіп, материалдық көмек беріледі.  Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ресми статистика бойынша, жұмыссыз халықтың 25 пайызы орта мектептік білімі ғана бар адамдар. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында жартысы, атап айтқанда 49 пайызы арнайы білімі немесе кәсіби дағдысы жоқ азаматтар. Сондықтан да оқыту шаралары бірінші кезекте Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей, яғни оқу орындарына түспей қалған мектеп түлектеріне қатысты болады. Бүгінге 21 мыңға жуық осындай балаларды  1 қыркүйектен қабылдауға 321 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы дайын. Бағдарлама есебінен шәкіртақысы, бір мезгілдік ыстық тамағы, сондай-ақ сырттан келгендерге жол шығындары мен тұрғын үй жалдау шығындарын өтеуге материалдық көмек беріледі»,-деп тоқталды вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, оқытудың екінші түрі қысқа мерзімді кәсіптік оқуға сәуір айынан бастап 28 мың жұмыссыз адам қатысуда. Бұл жерде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, осы қысқа мерзімдік оқуды шілде айынан бастап басым түрде кәсіпорындардың жанындағы оқу орталықтары арқылы ұйымдастыру басталды. Себебі мұндай ұстаным  білім беру сапасымен қатар, олардың одан ары қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Ол үшін кәсіпкерлер палатасымен тиісті меморандумға қол қойылып, бағдарламаға қажетті түзетулер енгізіліп, жұмыс берушілердің жанынан әзірше 39 оқу орталықтарының тізбесі айқындалды. Бұл тізбе толығады. Сонымен, жыл соңына дейін қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 70 мыңнан астам адамды қамту ескерілген. «Өңірлер бөлінісінде оқыту қарқыны әр түрлі. Мысалы, Алматы қаласында қысқа мерзімдік курстармен жоспарланған көрсеткіштің 10 пайызы ғана, Ақтөбе облысында 18 пайызы, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 25 пайызға жуығы ғана қамтылған»,-деп түйіндеді сөзін Нұрымбетов.

inform.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *