Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің тойы мерейлі аяқталды

Көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиевтің тойы мерейлі аяқталды

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың көрнекті ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай  мерейтойлық шаралар өтті.

Салтанатты  күн  Гришин көшесінде орналасқан университеттің №6 оқу ғимаратына жыр алыбы Н.Байғаниннің есімін беру рәсімімен басталды. Мерекені бастаған ректор Бауыржан Ердембеков екі поэзия тарланының арасындағы рухани сабақтастыққа тоқталып, оқу ғимараттарына ат беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі-өнеге құралы ретінде бағалы екенін ерекше айтып өтті. Шараға қатысқан Нұрпейіс Байғаниннің ұлы Момын Байғанин да ардақты әкесіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Аталмыш шара одан әрі қарай бірнеше игілікті істермен жалғасты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ашылғанына алдағы жылдың 1-қыркүйегінде 30 жыл толуына орайластырып, филология факультетінің бұрынғы деканы, өмірден ерте кеткен, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Бермағанбет атындағы дәрісхана ашылды.

Серік Жұбандықұлы Бермағанбеттің жұбайы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бағила Мұратбекқызы университет ұжымы мен әріптестеріне отбасы атынан алғысын жеткізіп, «Филология» мамандығының 3-курс студенті Нұрай Амирханова мен 4-курс студенті Арайлым Тәжімбетоваға «С.Бермағанбет атындағы» шәкіртақыны табыс етті.

Дәрісхананың ашылуына үлес қосқан Серік Бермағанбеттің достары Мағауия Қосайұлы мен Құрышбек Нығыметұлы университет ректоры Бауыржан Ердембековтің қолынан  Алғыс хат алды. Аталмыш дәрісханада «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері, Серік Жұбандықұлының досы Светқали Нұржан  сөз  сөйлеп, филолог ғалымның мұрасы кейінгі ұрпаққа мұра болып қалатынына сенім білдірді.

Филология факультетінің деканы Күлзат Садирова қазан айының бастап «Ұстаздарға мың тағзым» акциясы жүргізіліп жатқанын және оның келесі жылдың қазанына дейін жалғасатынын айтып, келген қонақтарға сый-сияпат жасады.

Мереке филология факультетінің конференц-залына мерейтой иесі Өтежан Нұрғалиев атын берумен жалғасты. Алдымен сөз алған ректор Бауыржан Ердембеков: «Осы шара аясында бір ақынды бір ақын, бір тұлғаны бір тұлға толтырып жатса әбестік болмас деп, А.Гришин көшесіндегі ғимаратты Нұрпейіс Байғаниннің есімін беруді Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған шара аясында сабақтастырып өткізіп отырмыз. Бұл ғимаратта шетел тілдері факультеті мен филология факультеті орналасқан. Бұрын Нұрпейіс Байғаниннің есімі институттың атымен аталған еді, кезінде инситут жабылып, кейін қайтадан ашылған еді. Одан кейін институт пен университет бірігіп Құдайберген Жұбановтың есімі берілген болатын. Ғимаратқа есім беру жақсы нәрсе деп ойлаймын. Тургенев көшесіндегі тарих факультеті орналасқан ғимаратты тарихшы Бек Сүлейменовтің атына беру, бас ғимаратты белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Арыновтың атына беру мәселесі бойынша көпшілік пен зиялы қауым атынан Ғылыми Кеңеске ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл да болашақта шешіледі деп ойлаймын. Осының барлығы университеттің әрі қарай дамуына, Ақтөбенің «Рухани жаңғыруға» өзінің үлесін қосатынына сенімдімін», — деді.

Мерейтой университеттің Студенттер сарайындағы «Өтежан Нұрғалиев шығармашылығы: әдеби болмыс және дәуір шындығы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісімен жалғасты. Ақиық ақынның 80 жылдығына арналған халықаралық конференцияға ел және өңір зиялылары бас оқу ғимаратын аралап, ғылым мен білім жұмысына арналған кітап көрмесін тамашалады.

Пленарлық мәжілісті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ашып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген ҚР БҒМ Вице-министрі Эльмира Суханбердиева алдымен министр Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқыды. Онда: «Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы! ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан және өзімнің атымнан Сіздерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының өр мінезді, көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан ауқымды жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін. Жастарымыздың бойына ұлтымыздың салт-дәстүрін, мемлекетік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Сіздер осындай көпке үлгі болатын істеріңіз арқылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тарихи-мәдени мұраларымызды таныту, сақтау, насихаттау арқылы келешек ұрпақ кәдесіне жаратудасыздар. Еңбектің ең үлкені – білім мен ғылымның биік белесіне қол жеткізу. Жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөліп, әсіресе ел тарихы мен мәдениетін, әдебиетін танытып, насихаттауда айрықша күш салудасыздар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде тәлім алып жатқан жастардың бойында патриоттық сезімдер болып, үздіктердің үздігі осы қасиетті шаңырақта жан-жақты біліммен табылатын бәсекеге дайын, жеңіс пен жетістіктерге құштар болашақ мамандар дайындау еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде.

Сіз басқарып отырған университеттің оқытушы-профессор қауымы білімге, жаңалыққа ұмтылуға жаңа ойлы рухты өскелең жастарды қалыптастыруда  қажырлы еңбек етуде. Сіздің білім саласын дамыту бағытында жасап жатқан өрелі жұмыстарыңыз бен абыройлы істеріңізге шығармашылық табыс тілеймін.  Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, ғұмырларыңызға ұзақ болуын тілеймін», — делінген.

Мәжілісте Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Құрметті әдебиетті сүйер қауым, конференция қонақтары! Қазақ әдебиеті атты қара шаңырақтың қайратты бір уығына баланатын, жерлесіміз Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына  арналған конференцияға қош келдіңіздер! Кешегі Тайбурылдың дүбірі қалған, Асан қайғы желмаясының шудасын самалы сипаған, Әйтекдей көсемнің, Мөңке бидей шешеннің, Есеттей батырдың, Кердерідей ақынның, Жұбановтардай тектілердің елі бүгін өз Өтежанын ұлықтауда», — деп, Өтежанның ақындығына тоқталды. Сөз соңында университет ректоры филология факультетінің студенттері, жас ақындар Әлихан Жақсылық пен Самғар Орынбайұлына «Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантын» табыстады. Өз кезегінде марапатталған студенттер алғыстарын жеткізіп, Ө.Нұрғалиев рухына өлең жолдарын арнады.

Айтулы шараға сондай-ақ  ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бисенова,  ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай, жазушы Мәди Айымбетов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Аймұхамбетова, ақын Дәурен Берікқажы, Түркия Республикасы Кастамону университетінің профессоры, PhD доктор Орхан Сойлемез сынды арнайы қонақтар мен Өтежан Нұрғалиевтің қарындасы Назым Қалниязова келіп, баяндама жасады. Конференцияда баяндама жасаған әр қатысушыға ақын «Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл» мерекелік медалі табысталды.

Аталмыш конференцияның пленарлық мәжілісінде ақынның туған жері Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Жандарбек сөз сөйлеп, сөз соңында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ филология факультетінің 4-курс студенті, Республикалық  пәндік олимпиадалар жеңімпазы Ерасыл Әжбеновке «Өтежан Нұрғалиев атындағы грант» тапсырды.

Пленарлық мәжілістен соң конференция қатысушылары секцияға бөлініп, әдеби болмыс және дәуір шындығына байланысты дайындаған мақалаларын талқыға салды.

Мерейтойлық шара одан әрі «Өтежан-ғұмыр» тақырыбындағы республикалық поэзия марафонымен, Ақтөбе облысы мен қала мектептерінің 5-11 сынып оқушылары арасында өткізілетін облыстық «Өтежан оқулары» мәнерлеп оқу байқауымен, «Өтежан өлеңдері» тақырыбындағы  бейнепоэзия эстафетасымен, Республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысымен жалғасты.

Айта кететін жайт, университетте филология факультетінің бастауымен ақынның 80 жылдық мерейтойына орай екі ай бұрын бейнепоэзия эстафета жарияланған болатын. Бейнепоэзия жарияланған күннен бері Ақтөбе өңірінің Өтежан ақынның өлең-жырларын ұлықтады. Оған мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері үлес қосты.  Мүшәйраға барлығы 48 ақынның өлеңдері түскен. Сонымен қатар Алматы, Астана, Семей, Өскемен, Қызылорда, Орал, Ақтау, Түркістан, Қарағанды, Павлодар сынды қалалар мен облыс аудандарынан орта және жас буын өкілдері қатысты.

Мүшәйра талабы бойынша жыр додасына қатысқан ақындар «Өзгеше өрілген ғұмыр» (Ө.Нұрғалиев тақырыбы), «Құтты мекен — Ақтөбе» және еркін тақырыпта бұрын жарияланбаған өлеңдерін жолдаған болатын. Мүшәйраның нәтижесінде  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Аймұхамбетова,  жазушы, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев   қазылық етті.

«Өтежан өлеңдері» тақырыбындағы  бейнепоэзия эстафетасының қорытындысында филология факультетінің студенттері мен өзге қалалардан келген  ақындар өздерінің өлең жырларын оқыды. Шараға қатысқан  ақын Гүлжайнар Қалдинаның жетекшілігімен жастар «Өтежан ғұмыр» мюзиклы көрсетті. Аталмыш шара жеңімпаздарына құрметті қонақтар Алғыс хаттар,  бағалы сыйлықтар мен  ақшалай сыйлықтарды табыстады.

Шара қарсаңында  ректор, профессор Бауыржан Ердембековтің қолдауымен және университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен  Өтежан ақынға арналған «Сыймай кеттің қалыпқа» жыр жинағы жарық көрді. Сондай-ақ бұл жинаққа мүшәйраға қатысқан, іріктеуден өткен ақындардың өлеңдері, сонымен қатар республикаға танымал ақындардың  өлеңдері де енді.

 

Сандуғаш Байғұлқызы