Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Өтежан» атты жинақтың таныстырылымы өтті

«Өтежан» атты жинақтың таныстырылымы өтті

Бейсенбі күні С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ақтөбенің даңқты перзенті, аса талантты ақын Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына орай жарық көрген «Өтежан» атты жинақтың таныстырылымы өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің оқытушылары, сондай-ақ оқырмандар қатысты.

Аталған кітаптың жарыққа шығуына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұйытқы болды. Сондай-ақ ақынның 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына қатысқан ақындардың шығармалары топтастырылып, «Сыймай кеткен қалыпқа» атты жыр жинағы жарыққа шықты.

Айта кету керек, ақынның шығармашылығы туралы мақалалар, естеліктер, оған арналған арнау өлеңдер мен сұхбаттар жинақталған кітап Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тапсырысымен баспадан 500 дана болып шыққан. Редакция алқасының құрамында аталған университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков және «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бар. Жинақты құрастырушылар: Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Талғат Тілеулесов, Мира Балтымова. 

Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбек ақынның шығармашылығына арналған жинақтың оқырмандарға берері мол екенін жеткізіп, университет басшылығы атынан жергілікті ақындар Талғат Тілеулесов, Гүлжайнар Қалдина, Индира Керееваларға «Ақын Өтежан Нұрғалиев» медалін табыстады.

Бұдан кейін жинақты құрастырушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы кітапты жинақтау барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұл жинақтың өтежантанушыларға таптырмайтын дүние екенін, ақынның 80 жылдығына орай «Ақтөбе» газетінде арнайы қосымша жарияланғанын атап өтті.

— Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған үлкен шараның, сондай-ақ осы жинақтың жарық көруіне біздің университеттің ұжымы, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қазақстан Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалы, Байғанин ауданының әкімдігі қолдау көрсетіп, бірқатар ақындарымыз, ғалымдарымыз зор еңбек етті. Осы кітапты шығаруда ақынның сұхбаттарын, ол туралы жазылған мақалалар, өлеңдерді барынша қамтуға тырыстық. Баспасөз беттеріне шыққан дүниелердің бәрін топтастырдық. Сондай-ақ  Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына байланысты мүшәйра өткізіліп, оған қатысқан 47 ақынның өлеңдері топтастырылып, «Сыймай кеткен қалыпқа» деген жинақ жарыққа шықты,— деді университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мира Балтымова.

Шарада университеттің филология факультетінің деканы Күлзат Садирова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғайша Ниязова, журналистика саласының ардагері Идош Асқар, белгілі сатирик-жазушы Төрежан Мәндібай, ардагер-ұстаз Данағали Кенжебаев, ақын Жақсылық Айжановтар Өтежан Нұрғалиевтің қазақ поэзиясында ерекше қолтаңбасы бар ақын екенін, оның өлеңдері өміршеңдігімен, шыншылдығымен ерекшеленетін айтып, ақын туралы өз ой-пікірлерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

                                Данагүл ҚАЗИХАН

http://www.aktobegazeti.kz/?p=70530