Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университетінде «Мен театрды таңдаймын» І облыстық жобасы басталды

Жұбанов университетінде «Мен театрды таңдаймын» І облыстық жобасы басталды

Жұбанов университеті Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драматеатры фан клубымен бірге «Мен театрды таңдаймын» І-ші облыстық жобасы аясында кездесу ұйымдастырылды. Аталмыш шараның мақсаты – қоғам мен жастар арасында театр өнерін ұлықтау.

Студенттермен кездесуге театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базаркулов келді. Айта кетейік, Данияр Жоламанұлы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық фестиваль лауреаты, Орталық Азия Халықаралық театр фестивалінің «Үздік ер адам бейнесі» номинациясының иегері. Жастардың басын қосқан бұл шараға облыстық театрдың талантты актерлері де: Бағдат Телеуғалиев, Қадыр Құттыбаев, Асила Төреғалиева, Дархан Дәулетияр, Адема Нажмеденова және Мейірбек Шакеновтер қатысты.

Қонақтар мен студенттерді қарсы алып, кездесу шымылдығын ашқан Жұбанов университетінің әлеуметтік мәселелер мен жастар саясаты департаментінің ди⁠ректоры Қарлығаш Сатыбалдина өз сөзінде бұл жоба аясында алда  әлі көптеген шаралар өткізілетіндігіне тоқталып кетті.

Еркін әңгіме форматында өткен кездесу барысында қонақтар театр өнеріне қалай келгендері, актер мамандығының барлық қыр-сырлары туралы сыр шертті. Мысалы Бағдат Телеуғалиев театр әлеміне ҰБТ нәтижелеріне байланысты келсе, жас актер Дархан Дәулетияр театрға шейін ІІД-де жарты жыл заңгер қызметін атқарған екен. Олардың әрқайсысы әр адамның өмірде алатын өзіндік жолы бар екеніне сенімді.

Актерлермен қызу әңгімеге түскен студенттер оларға актерлердің сахнадағы ролі кезіндегі көңіл-күйі, қандай рольдер көбірек сомдалатындығы, театр өнері мен кино әлемінің арасындағы айырмашылық және басқа да көптеген, алуан түрлі сұрақтарын жаудыртты. Актерлер театрдың кинодан ең басты айырмашылығы – көрермен қошеметіне  ие болу екенін атап кетті.

Кеш соңында қонақтар университет басшылығы мен студенттеріне театр өнеріне деген көрсетіліп жатқан құрмет пен қызығушылықтары үшін алғыстарын жеткізді.