Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Білікті мұғалім – білімді шәкірттің кепілі

Білікті мұғалім – білімді шәкірттің кепілі

Облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның бастамасымен аудандарда «Департамент күні» өтіп жатыр. Аптаның алғашқы күні кезекті «Департамент күні» Ойыл ауданында жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінде болған жиынға барлық білім беру саласының қызметкерлері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және жас мамандар қатысты.

Білім саласына қатысты күрделі мәселелерді талқылаған жиынды аудан әкімі Дастан Сағыров ашты.«Құрметті жерлестер! Бұрын департамент тек қана тексеруге келетін еді. Ал мынадай  білім саласына қатысты барлық сұрақтарды бірге талқылап, ата-аналармен кездесіп, білім беру мекемелерінің басшыларымен бірге алдағы жоспарды айқындау  аудан тарихында алғаш рет болып отыр. Мен мұны құптаймын. Ұрпақты сапалы біліммен қамту үшін барлық мектептерімізге жағдай жасалып жатыр. Дегенмен жасалар істер әлі де көп. Ал олардың қалай жүзеге асырып, жаңа мазмұндағы оқу бағдарламалары туралы жаңалықтармен өзгерістерді айтып, семинар-кеңестер өткізіп, әдістемелік көмек беруге келген департамент басшысына алғыс айтамын» — деді.Ал, департамент басшысы Бұлбұл Күзембаева болса, білім беру қызметкерлеріне бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуларын айтты.«Құрметті әріптестер! Біздің департамент 2011 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатыр. Қзір мемлекеттік бақылау жүйесінің негізгі функциялары жаңа мазмұнға көшу, көптеген реформаларды игеру үшін сапалы жұмыс жасайды» — деп бастаған департамент басшысы білім бағдарламасына кері әсер ететін басты проблемаларды атап, бұдан былай ондайға жол берілмеу керектігін жеткізді. «Білім деңгейі жоғары болуы үшін бірінші сапа болуы керек. Ол үшін мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандар мен жаңа технологияға қолжетімді ету. Қазір бюджеттің 70-80 пайызы  білім саласына жұмсалады. Жасыратыны жоқ, Ойыл ауданы білім сапасын бағалау  бойынша 11 орында тұр. Бұл төмен көрсеткіш. Сонымен қатар мектеп директорларына тапшылық бар. Осы мақсатта аудандық білім бөлімі  директордың кадрлық резервін дайындау керек.  Және де білім саласында әдіскерлер жетіспейді. Мен бұл жөнінде әдістемелік орталық құруды ұсынамын. Тағы бір жағдай — білім жетілдіру, қосымша оқу курстарына баратын мұғалімдерді жіберуде кемшілігіміз көп. Осыны реттеуіміз керек» — деді.Одан кейін «Елбасы Жолдауы аясындағы білім беру саласындағы жаңа міндеттер, білім сапасын арттырудағы жаңа бағыттар» бойынша  — білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Жанар Мұхамбеталина баяндама жасады. Онда еліміз бойынша  жаңа мазмұндағы білім саласындағы барлық мүмкіндіктер айтылды. Баяндаманың қорытындысы — балалар көштен қалмауы тиіс. Оларға сапалы білім беру үшін жасалып жатқан барлық жаңалықтар болашақтың жемісі. Ал,«Өрлеу» «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Қаплиева қазіргі кезеңде салғырттықты қажет етпейтінін айтып, білімді адамнан қабілетті адамға жетуге мол мүмкіндіктің бар екенін дәлелді тұжырымдарымен жеткізді.

«Құрметті жерлестер! Қазір білім беру саласында жастардың көбейгені көңіл қуантады. Ал қазіргі оқу бағдарламасына келсек сапалы білім беруге емес сапалы білім алуға ұмтылу керек. Оған барлық жағдай жасалған. Біз қазіргі өзгеріске таңырқап қарағанмен одан өтіп кеттік. Оған біздің дайындығымыз бен уақытымыз әлсіздеу болды. Немқұрайлы қарау кенжелеп қалуға әкелді. Бұл бағдарламалар бұдан 5-6 жыл бұрын айтылды. Таныстырылды. Біздің ең үлкен қателігіміз сол жаңалықтарды игеруге ден қоймағандығымыз. Бір ғана мысал Кембридж тәсілмен оқытуда Елбасымыз біздің ұстаздар шетел асып оқымасын деп сырттан мамандар шақыртып оқытты. Ал бұл курсқа  мұғалімдер тек тұрмыстық қабілетіне қарай жоспарсыз жіберілді. Мамандыққа қарамады. Зейнетке шыққалы тұрған ұстаздар, немесе «декрет» күтіп отырған аяғы ауыр келіншектерді жіберу еш пайдасыз. Олар оқып келгеннен кейін бірі еңбек демалысына, бірі баламен үйде отырды. Яғни болашақ жоқ. Сондықтан әрбір жасты оқуға жіберерде осындай мәселері зерттеп қарау керек» — деді.Одан әрі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы үздіксіз білім беру инстиутының директоры Гүлбану Такишева оқу орнының артықшылықтармен тиімді мамандық таңдаудың жолдарын айтты.  Аталмыш оқу орны еліміз бойынша алғашқы жүздікте жетінші орында тұр. Ал грант санынан көшбашсысы десе де болады. Бұл жөнінде 3 орын. Келесі жылдан бастап сырттай оқу болмайды. Оның орнына қашықтан оқыту жүйесі енгізіледі. Аудандағы білім беру мекемесі әр баламен, әр ата-анамен байланысты үзбеуі тиіс. Оларға елімізде қай оқу орнының тиімділігі, өзгешелігі, біліміне қарай оқу бағасына қарай, немесе гранттары мен шәкіртақылар, жеңілдіктері туралы хабардар етуі керек.  Биыл Қ.Жұбанов университетіне ауданымыздан 100-ге жуық бала түскен. Жиында көптеген ұсыныстар, оқу бағдарламасына қатысты барлық мәселелер қаралды.
Сол күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен  қызметкерлер мен кәсіби бағдар беру мобильді тобы аудан орталығындағы мектептерде болып семинар кеңестер өткізді.
Кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Жәмилә Жекебаева  ата-аналармен кездесіп, мамандық таңдауға бағыттап, кеңестер беріп, тест жүргізді.

http://oiyl.kz/archives/1487