Четверг, Сентябрь 19, 2019
Басты > Жаңалықтар > Республикалық-ғылыми тәжірибелік конференция профессор А.Мусаевтың 70-жылдық мерей жасына арналды

Республикалық-ғылыми тәжірибелік конференция профессор А.Мусаевтың 70-жылдық мерей жасына арналды

Бүгін Жұбанов университетінде «Қазақ әдебиеттану ғылымы: дәстүр және сабақтастық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Ғылыми басқосу белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаұлы Мұсаевтың 70-жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Мерей той иесін құттықтау үшін конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» Ақтөбе облыстық ұйымының, «ҰККО «Өрлеу»» Ақтөбе филиалының басшылары,  Алматы, Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларынанпрофессор А.Мусаевтың үзеңгілес әріптестері: әдеби ортада есімдері танымал әдебиеттанушылар және  шәкірттері арнайы келді.

Республикалық конференцияның пленарлық мәжілісі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың мерей жас иесін жеке құттықтауымен және  профессор Алпысбай Мұсаевқа арналған   облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың құттықтау хатын оқып беруімен басталды. Сонымен қатар Бұлбұл Ораққызы аймақтық ғылым саласының дамуына сіңірген еңбегі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің атынан Алпысбай Мусаұлына екі бірдей Алғыс хат табыстады.

Әдебиеттану ғылымының майталманын жаңа жасымен құттықтаған Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков  «Әдебиет әлемінде сатира жанрын зерттеуші ғалымдар саусақпен санарлық қана. Солардың қатарынан табылып, бүгінгі күнге дейін қазақ сатирасының дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан профессор Алпысбай Мұсаұлы Мұсаевты университет атынан мерейтойымен құттықтаймын», — деп мерейлі ғалымды «Университетті дамытуға қосқан үлесі үшін»  төсбелгісімен марапаттап, үстіне қазақы дәстүрмен шапан жапты. Одан соң ғалымның «Жетінші асу» кітабының салтанатты таныстырылымы өтті. Кітап жайында  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали  жылы пікірін білдірді.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Серікқызы Серікова профессорды мерекесімен құттықтап, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» күміс медалін табыстап, Бурабай демалыс орнына жолдаманы тарту етті.

Пленарлық мәжіліс әрі қарай  әдебиеттанушы ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлының; М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Хасанов Ғабит Қайыржанұлының; Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті Қабылов Әділет Дыбысұлының; А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Жамал Айтқалиқызының; Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы  Пангереев Абат Шамұлының конференция тақырыбына байланысты   баяндамаларымен және мерей той иесіне арналған құттықтауларымен жалғасты.


Сондай-ақ профессор А.Мусаевты университеттің барлық факультет декандары мен құрылым басшылары құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.


Республикалық конференция түстен кейін «Қазақ сатирасын оқыту әдістемесі» семинарымен және әдебиеттану ғылымы мәселелерін жан-жақты қарастыратын 5 секция жұмысымен жалғасатын болады.


                                                                                                                                                                                      Ажаргүл КУНАРОВА