Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 5 мыңнан астам студент ресми түрде студенттер қатарына қабылданды

5 мыңнан астам студент ресми түрде студенттер қатарына қабылданды

Жұбанов университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті ұйымдастырған 1-курс студенттерін студент қатарына қабылдауға арналған мерекелік шараға Жұбанов университетінің ректоры Б.А.Ердембеков, университет ректорының кеңесшісі К.В.Цхай, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Н.Ж.Күнтуов, университеттің профессор-оқытушылық құрамы және студенттер қатысты.

Концерттік шара абитуренттердің алғаш қалаға келуі туралы қойылымымен басталды. Университеттің 2-курс студенттерінен құралған бір топ студенттердің орындауындағы «О, жастар» әні керемет кештің бастамасы болды.

Бірінші курс студенттерін үлкен өмірге аттаған қадамымен Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков құттықтады. «Биылғы жылы біздің университетіміз Ақтөбе өңіріндегі ең мықты университет екенін дәлелдеді. Жұбанов университетінің қатарына осы жылы 5000-нан астам студент қабылданды. «Менің таңдауым – Ақтөбе!» студент қатарына қабылдауға арналған шара осымен екінші жыл өткізіліп отыр. Жас жұбановшылар бүгінгі мереке бәріңізге құтты болсын» — деді ректор. Ол «Үздік студент» төс белгісімен жоғарғы курстың 9 студентін марапаттап, студенттік шақтың белгісі «Сынақ кітапшасын» 1-курсқа қабылданған алтын белгі иегерлеріне табыстады. Студенттер қатарына жаңадан қосылған филология факультетінің студенті Алданазар Жақанов 1-курстықтар атынан ресми түрде ант қабылдап, университет абыройын асқақататуда аянбай қызмет етуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар бүгінгі қолдарына студенттік билеттерін алған жастарды Жұбанов университеті ректорының кеңесшісі Константин Цхай құттықтады.

Студенттерді арнайы құттықтауға келген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Кунтуов 13 студентті өзі басқарып отырған мекеме атынан Алғыс хаттармен марапаттаса, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов Ақтөбе қалалық жастар саясаты дамуына үлес қосқан 10 студентке арнайы сыйлақтар мен Алғыс хаттарды табыстады.

Мерекелік шара ресми бөлім аяқталған соң өнерлі жастардың орындауындағы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Ажаргүл КУНАРОВА

Қ. Жұбанов ат. АӨМУ баспасөз қызметінің маманы

https://bilimdinews.kz/?p=18202