Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Алматылық ғалымдар Абайды тануда келелі кеңестер айтып, тілді жаңа бағытта зерттеуге шақырды

Алматылық ғалымдар Абайды тануда келелі кеңестер айтып, тілді жаңа бағытта зерттеуге шақырды

8 қараша күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығында әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Лексикология» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеевамен кездесу өтті. Кездесуге ғалымдардың шәкірттері – филология факультетінің деканы Күлзат Садирова, «Қазақ әдебиеті мен теориялық және қолданбалы тілі білімі» кафедрасының оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.

Профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали Абайтану туралы сөз қозғап, қара сөздеріне тоқталды. Студенттерге Абайдың қара сөздерін терең білу, дүниетанымын, философиясын ұғу туралы ойларын жеткізіп, Абайтанудың өміртану екенін айқындап, Абайды тану ғылымы туралы келелі кеңестер айтты. «Алаш заманына, Абай дәуіріне әрдайым оралып отыру керек», — деп, ұлттық құндылықтарымызды сақтауды, түптамырымызды терең тануды насихаттады. «Абайтану» орталығының ашылуына құттықтау тілегін білдірді.

Әрі қарай ой жалғастырған профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева «тіл – рухани құндылықтарымыздың көзі», — дей келе, сөз қазынасын жинауды, тілді танымдық тұрғыдан зерттеуді, тілі білімінің бүгінгі жайын сөз етті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бүкіл әлемдегі қазақ тілін зерттейтін бірден бір ұйым екенін тілге тиек етті. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасаудағы тәжірибемен бөлісті. Ол сондай-ақ антропоөзектілік бағытында адамды тілі арқылы танудың ғылыми негіздерін атап өтті. Лингвоэкология, лингвомәдениеттану, лингвоәлеуметтану, тілдік тұлға теориясы, прагмалингвистика, нейролингвистика, психолингвистика секілді тілді сан қырынан зерттейтін ғылым салаларын атап, жас ғалымдарға бағыт беріп, тілді жаңа бағытпен зерттеуге шақырды.

Қос ғалымға әдебиет әлемі жайында, ғылыми жолдары туралы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойған магистранттар мен студенттер тағылымы мол кездесуден зор әсер алып тарқасты.

Айгерім ЖАНАЛЫҚЫЗЫ