Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті студенттері театрды таңдайды

Жұбанов университеті студенттері театрды таңдайды

Жұбанов университеті Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры фан клубымен бірге «Мен театрды таңдаймын» І-ші облыстық жобасы аясында екінші кездесуін ұйымдастырды.

Бұл жолы студенттермен кездесуге театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базаркулов орыс труппасының актерлерімен бірге келді. Олар: Ольга Павлова, Валихан Кинжибаев, Руфина Ибрагимова — Кылосова, Максим Гузенко, Серафима Приставка келді.

Кездесу шымылдығын дәстүр бойынша Әлеуметтік мәселелер мен жастар саясаты департаментінің директоры Қарлығаш Сатыбалдина ашып, жоба аясында өткізіліп жатқан мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталып кетті.

Еркін әңгіме форматында өткен кездесу басында театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базаркулов театрдың әр құрылымына жекелей тоқталып, студенттерді актерлермен таныстырды. «Театр өнерінің адамға берері көп, ол тек келіп қызықты спектакль қарап, көңілін көтеріп қана, немесе  көңілі бұзылып  шықпайды, сахнада қойылған қойылымнан бір нәрсе түйіп шығады. Сондай-ақ біздер классикалық туындылардан басқа жаңа интерпретацияда туынды қоюды да қолға алып жүрміз. Мысалға «Ромео мен Джульетта» қойылымын біздің театр сахнасында екі труппа бірге ойнайды. Яғни Капульетти мен Мантекки отбасыларын азия ұлтының өкілдері мен славян ұлтының өкілдері орындайды. Жақында көреремендер назарына «Гамлет»-ті моноспектакль ретінде ұсынбақпыз. Бұл да бір ерекше қойылым болады деп ойлаймын», — деді Данияр Жоламанұлы.

«Лестница» театр зертханасы басшысы Ольга Павлова және театр актрисалары Руфина Ибрагимова – Кылосова, Серафима Приставкалардың орындауындағы үш минуттық қойылымнан студенттер ерекше әсер алып, актерлердің ойынына еріксіз қосылып, қолпаштап отырды.

Керемет қойылымнан кейін  серпіліп қалған студенттер актерлерге өз сұрақтарын бірінен кейін бірін жаудыртып, ерекше көңіл-күймен тарасты.