Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің кәсіби бағдар беру тобы Байғанин, Темір аудандарының оқушыларымен кездесті

Жұбанов университетінің кәсіби бағдар беру тобы Байғанин, Темір аудандарының оқушыларымен кездесті

Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан», — деп Абай ақын айтқандай, болашаққа қадам басар жастардың мамандық таңдауы бағытында дұрыс бағыт-бағдар беру қажет-ақ. Еліміздің кемеліне келген қуаты мықты мемлекет болмағы — тəуелсіздігіміз бен оқу-білімнің тереңдігіне байланысты.

2018 жылдың 8-9 қараша күндері Қ.Жұбанов ат.АӨМУ-інің кəсіптік бағдар беру бөлімі Байғанин, Темір аудандарында болып қайтты. Кəсіптік бағдар беру саласына университет басшылығы ерекше мəн береді, өйткені күні ертең мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас түлек сан тарау мамандықтың өзіндік қыр-сырын танып біліп, таңдау жолын анықтайтын ақпарат көзіне зəру болып отырады. Жұбанов білім ордасындағы кəсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Идиева Жамилия Жакибаевна да бұл міндетті орайына келтіріп дұрыс ұйымдастыра білетін қабілетті жан. Байғанин, Темір ауданының 11 класс оқушыларымен жүздесу барысында Жамилия Жакибаевна бастаған университет оқытушылары Абенов Д.Қ., Таскалиев А.К., Ұлықпанова Ə.Ж., Қартбаева Ж.Ж., Бекетова Г.Қ., Бекмағамбетов О.А., Жекеев С.О. əр мамандықтың өзіндік ерекшеліктері жайында, қос дипломды білім беру, дуалды білім беру, академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы, т.б. көптеген көкейкесті мəселелер төңірегінде тыңдаған жанды ұйытып, мамандық таңдауда нақты шешім жасайтындай, санаға қозғау салып, ықыласын оятарлық сөз сөйледі.

Мектеп оқушылары мамандық таңдауға байланысты көкейлерінде дүдəмал болып, шешімін таппай жүрген сауалдарын ортаға салып, тыңғылықты жауаптарын алды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Абенов Дəулет Құсайынұлының тағылымды əңгімесін оқушылар, жиналған көпшілік асқан ықыласпен тыңдады.

Кездесу соңында Картбаева Жайнагүл Жаншаевнаның ұйымдастыруымен университет оқытушылары мамандық таңдаудың кəсіби диагностикасын жүргізді, оқушылардан сауалнама алынып, 3 түрлі тест жүргізілді.

Орайы келген жүздесу барысында аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылары, мұғалімдермен сұхбаттасу нəтижесінде біз де өз тарапымыздан, филология бағыты бойынша, екі ауданда да орыс тілі мен əдебиеті мамандарының тапшы екенін анықтап, аталған сала бойынша педагогикалық практика мен болашақ қызметті осы өңірден бастау үшін, сұраныс алдыру жөнінде сөз қозғадық.

Замана заңғары М.О.Əуезовтің «Білім — бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ — əлдекімнің азығы», — деген ойлы тұжырымын санадан шығармай, жастарға болашақ кілті — дұрыс мамандық таңдаудан бастау алмақ, ал бақыттың басшысы — білім мен еңбекқорлықты үндестіре білумен өрілмек деген идеяны жеткізе білдік.

Кəсіптік бағдар беру тобының мақсатты іске қол жеткізудегі ауызбіршілікпен келелі жұмыстар атқарып, əсерлі əңгімелесу барысында, əр мамандық иесі — өз пəндерін — «пəндердің падишасындай» ерекшелікпен таныта білді. Жүздесу нəтижесінде көпшілік Жұбановшылдарға асқан ризашылық пен ыстық ілтипаттарын жеткізіп, жақсы істің жылма-жыл жалғасын тауып, дəстүрге айналса деген ұсыныстарын білдірді.

Әлия ҰЛЫҚПАНОВА

«Жұбановтану» ҒЗО меңгерушісі