Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Доцент Жібек Бегімбаева Түрік елі студенттеріне дәріс оқуда

Доцент Жібек Бегімбаева Түрік елі студенттеріне дәріс оқуда

Жұбанов университетінің оқытушысы алғаш рет «Мәулана» академиялық алмасу бағдарламасы бойынша түрік елінің жоғары оқу орнына  лекция оқу үшін барды. «Отан тарихы және тарихи пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жібек Бегімбаева қазір Түркияның Биледжик Шейх Эдибали университетінде студенттерге екіапталық дәрістер легін өткізуде.

 «Мен өзімнің алғашқы сабағымды Қазақстан тарихына арнадым. Алдын ала дайындалған таныстырылым-дәрістерім түрік студенттері арасында үлкен қызығушылыққа ие болды», — дейді Жібек Бегімбаева. Оның айтуынша Ақтөбе қаласы мен Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ туралы таныстырылымдарды студент-жастар зор ықыласпен қабылдаған. Сонымен қатар түрік жастары қазақ халқының салт-дәстүрі, түркітілдес мемлекеттер мен орта ғасыр тарихы турасындағы және Шыңғыс хан мен Темір хан секілді тарихи тұлғалардың өміріне қатысты дәрістерді аса ден қойып тыңдады. Келесі дәрістер «Жаһандану процесі: теория және замануи» тақырыбында өтетіндігін де атап кетті Жібек Сағынбайқызы.

Жұмыс сапары барысында доцент Бегімбаева  Биледжик Шейх Эдибали универсиетінің ректоры Ибрахим Таш мырзамен және профессор-оқытушылық құрамымен кездесті. Кездесу барысында ақтөбелік оқытушы түрік әріптестерімен Қазақстанның кең байтақ даласы, бейбітшілік саясаты жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Биледжик Шейх Эдибали университетінің негізі 2007 жылдың 29 мамырында қаланған. Университетте барлығы 16097 студент білім алуда. Жалпы профессор-оқытушылық құрамы 554 оқытушыны құрайтын оқу орны жанында 3 институт, 6 факультет, екіжылдық училищелер мен Жоғары мектеп жұмыс жасайды.

Айта кетейік, Жібек Бегімбаева Жұбанов университетінде өткізілетін курстарға қатысып, түрік тілін жоғары деңгейде меңгерген маман.

         Аударған Ажаргүл КУНАРОВА