Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғалымдар Елбасының стратегиясын талқылады

Ғалымдар Елбасының стратегиясын талқылады

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы — аймақтық дамудың драйвері». Осындай тақырыпта Ақтөбенің іргелі университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған еліміздің 20 жоғарғы оқу орны мен әлемнің 15 елінен келген 126 ғалым қатысты. Мемлекет басшысының өңірлерді өркендету жөніндегі сындарлы саясатын, бағыт-бағдарларын баяндады.

Өңірлердің дамуы — елдің дамуы. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтарды өркендетудегі стратегиясы жөнінде баяндады. Мұндағы мақсат — облыстардың экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени әлеуетін дамыту туралы білімді кеңейту. Облыс әкімі Елбасының тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді іске асыру нәтижесінде, Ақтөбе өңірінің де өркендеп келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Ақтөбе облысы — елдегі өндірісті және ауыл шаруашылығы қатар дамыған таңдаулы өңірлердің бірі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері экономикасы қарқын алып, жыл өткен сайын тұрақты өсіп керсетіп келеді. Аймақ басшысы өз сөзінде тұрғындардың әл-ауқатын арттырудағы игі істерді де атап өтіп, облысты одан әрі дамытуда мемлекет басшысының тапсырмасы әрдайым орындалатынын атап өтті.

Конференция соңғы күндері көшпелі көрмесін өткізіп жатқан ҚР тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы ұжымының қатысуымен өтті. Мұнда да қордағы таңдаулы туындылар, Елбасының кітаптары қойылып, көпшіліктің назарын аударды.

Конференция жұмысына қатысқан отандық жоғарғы оқу орындары мен Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның ғалымдары Нұрсұлтан Назарбаевтың елді дамытудағы сындарды саясатын жоғары бағалады. Елбасының ішкі саяси бастамалары мен конфессияаралық келісімді тұрақтандыру, «Болашаққа бағдар; қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласын жүзеге асыру саласындағы ғылыми зерттеулер нәтижесін талқылады. Түрлі салалардағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуден өзге, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік және рухани дамуына бағытталған игі бастамаларын ерекше атап өтті.

Шара барысында, ғылыми-зерттеулерге бағытталған ондаған баяндамалар оқылып, ұсыныс-тілектер, ой-пікірлер айтылды. Барлығы да конференция қортындысы бойынша жинақ болып басылып, оқу орындарына таратылатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы

http://aktobetv.kz/kz/news/society/galymdar-elbasynyn-strategiyasyn-talkylady