Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Нұрсұлтан Назарбаев — саясаткер және теоретик

Нұрсұлтан Назарбаев — саясаткер және теоретик

15 қараша күні Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Нұрсұлтан Назарбаев — мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің негізін салушы» тақырыбында аймақтық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел басындағы әңгіме Елбасының тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру мен тәуелсіздікті баянды ету жолындағы, ел бірлігін нығайтудағы ролі туралы болды.

Жиын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өтті. Оған Астана қаласынан келген және Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының ғалымдары, сарапшы мамандар мен студент жастар қатысты.

Бірінші болып сөз алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов «Елбасының мемлекеттік стратегиясы» атты баяндамасында тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің ішкі саяси өміріндегі түбегейлі өзгерістерге, аймақтардың дамуына кеңінен тоқталды.

КСРО ыдырап, бұрынғы байланыстар үзіліп, экономика, әлеуметтік сала дағдарысқа ұшыраған тұста, еліміздің аймақтарында нарықтық қарым-қатынастарды қалыптастыру өте қиынға түсті. Әр өңірдің шикізаттық-өндірістік әлеуетін тиімді пайдалана отырып, оларға даму жолында тең мүмкіндіктер ұсына алатындай жағдай қалыптастыру керек болды. Баяндамашы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын реттеу жолындағы кешенді шаралардың бәрі бастан-ақ нақты белгіленген, айқындалған мақсаттар мен қадамдар арқылы жүзеге асырылғанын атап өтті.

Жиын барысында «Нұрсұлтан Назарбаев — саясаткер және теоретик», «ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы туралы», «Қоғамдық сананы жаңғырту идеясының тарихи мәні» және басқа тақырыптар талқыланды. Жиналғандар алдында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Ерлан Арын, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтыбай Өтемісов, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асанов, т.б. баяндама оқыды.

Бақтыбай Өтемісов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты көреген саясаткер ретінде барша әлем мойындағанын айта келіп, Францияның Қазақстандағы алғашқы елшісі Бертран Фессар де Фуко, басқа да танымал саясаткерлер мен дипломаттардың пікірлерін алға тартты. Ол аса жауапты өтпелі кезеңде ел басына билікті барынша нығайта білетін тұлғалардың келуі үлкен сәттілік екенін тарихтан алынған нақты мысалдар арқылы жеткізді.

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты табыстарымыздың бірі — бей­бітшілік пен келісім саясатының халықаралық этало­ны ретінде танылған қоғамдық келісім мен жал­пыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі. Дөңгелек үстелде ғалымдар бұл табыстың Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланысты екенін айрықша атап өтті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

http://www.aktobegazeti.kz/?p=70952