Бүгін кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттеріне ҚР Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Базарғали Жаманбаев дәріс өткізді. Базарғали Әжиұлының дәрісін тыңдауға студенттермен бірге факультеттің профессор-оқытушылық құрамы да қатысты.
Шара басында факультет деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров жиналғандарды қонақпен таныстырып, оның өмірі мен қызметіне қысқаша тоқталып кетті. «Базарғали Әжиұлы Жаманбаев — қазақстандық және Кеңес Одағының дирижері, хормейстер, профессор. Қазақстанның халық әртісі, біздің жерлесіміз. Біздің факультетімізде республикаға және алыс-жақын шетелдерге танымал тұлғалармен кездесулер мен қонақ дәрістер дәстүрлі түрде өткізіліп отырады. Сондай шаралардың міне бүгін тағы орайы түсіп отырғанына біз өте қуаныштымыз» — деді ол өз сөзінде.
«Мен өзім осы Ақтөбе облысының Ақжар кентінде туып өстім. Әкем Әжи мұғалім болған кісі, соғыстан оралмады. 7-сыныпқа шейін осы Ақтөбе қаласындағы №6 мектепте оқыдым. 8-сыныпты Шалқар қаласынан бітіріп, Алматыға жол тарттым. Сондықтан өзімді қонапын деп санамаймын. 1966 жылы Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясын тәмамдадым. Шетелдерде машықтанып, білім алдым. Осылайша 52 жыл бойы сабақ беріп келемін. 10 жыл Опера театрының директоры болдым. Өмірімді өнерге арнадым. Театрда жұмыс жасаған уақытымда 30-дан астам спектакль қойдым. Оның ішінде: Е. Рахмадиевтің «Алпамыс», С. Мухамеджановтың «Жұмбақ қыз», «Айсұлу», Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», М. Төлебаевтің «Біржан мен Сара», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» мен «Иоланта» және тағы басқалары бар. Консерваторияны бітіріп Алматыға келгенімде менің маңдай тіреген асқар тауым Ахмет Қуанұлы Жұбанов пен Ғазиза Ахметқызы Жұбановалар болды. Ол кісілермен көп жылдар бойы жұмыс істеп, көп өнеге алдым. А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» опреасының екі редкциясы бар. Екінші редакциясын мен жасағанмын» — деген Базарғали Әжиұлы Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жамановалардың тұлғалық қасиеттеріне жекелей тоқталды. Сонымен қатар профессор Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сынды қазақ өнерінің майталмандарымен қызметтес болған кездерінен қызықты деректер келтіріп, әртіс өмірінің қыр-сырлары туралы сыр шертті.
«Біздің басты мақсатымыз жастарға дұрыс тәрбие беріп, оларды білікті маман ету, ал сіздердің басты міндеттеріңіз уақытты зая кетірмей, оқу-білімге ден қою. Үлкен жетістіктерге жету үшін тек қана еңбек керек екенін естен шығармаңыздар» — деді сөз соңында Базарғали Жаманбаев.
Кездесу барысыныда «Бейнлаеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергенбай Қорғанбеков Базарғали Жаманбаевқа кәсіби-шығармашылық факультетінің бітіруші курс студенттерінің қаламынан шыққан, профессордың туып өскен Қарғалы өлкесі бейнеленеген суретті табыстады.
Еркін форматта өткен кездесуден оқытушылар мен студенттер ерекше әсер алды.
Ажаргүл КУНАРОВА