Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тексеру және бағалау

Тексеру және бағалау

Латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиі бойынша республикалық жалпыхалықтық ашық диктант Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде де өтті. Аталған оқу орнының Н.Байғанин атындағы оқу ғимаратында өткен шараға 108 адам қатысты.

Шараның мақсаты — жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру. Сондай-ақ, қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын түсіндіру, практикалық тұрғыда меңгерілуін тексеру.

Диктант тақырыбы — «Рухани жаңғыру».  Мәтін 77 сөзден тұрады.

Қатысушылар мәтін аудиосын тыңдап отырып жазды.

— Филология факультетінің оқытушылары мен студенттері жалпыхалықтық диктантқа қатысты. Бұл шара студенттердің латын әліпбиіне оң көзқараста екендігін көрсетті.

Диктантты студенттердің барлығы да қиналмай жазып шықты. Өйткеніолар әліпбидің ақпан айында жарияланған соңғы нұсқасын күнделікті өмірде қолданып жүр. Көбіне әлеуметтік желілерде хабарлама жазғанда пайдаланады.

Студенттердің мәтін аудиосын тыңдап, соған ілесіп жазғандарына таңғалдым. Бұл жастарымыздың латын графикасын меңгеруде кездесетін қиындықтарды жеңе білетіндігін және қазірдің өзінде олардың латынға «кіріп кеткендігін» көрсетті, — дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақасов.

Тексеру қорытындысында қатысушылардың көпшілігі қатесіз жазған. Әріптерді шатастырған, әріп үсті белгіні дұрыс қоймағандар бар. Кейбіреулер і мен и дыбыстарының таңбалануынан қателескен.

— 3 қатеге бестік қойылды. 4 қате — төрттікке, 5 қате үштікке бағаланды, — дейді Нұрбол Сәдуақас.

Диктант жазған 108 адамның 10-ы — оқытушылар. Қорытындысында, оқытушылардың барлығы бестік   алды. Ал 98 студенттің 57-сінің жұмысына «5» қойылды. 18 студент — төрттік, 23 студент үштік алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=70870