Вторник, Январь 31, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Күй орындалды, ән қалықтады

Күй орындалды, ән қалықтады

Акция

Ақтөбе қаласындағы «Керуен сити» ойын-сауық орталығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жастары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қолдау көрсету мақсатында патриоттық акция өткізді.

Аталған университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға 100-ге жуық студент қатысты.

— Бүгінгі шараның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді дарыту, тарихи бай мұрамызды насихаттау. Жастардың жоғары білім алып, болашақта жақсы қызметке орналасып, қоғамның толықққанды мүшесі болып дамуына жан-жақты мүмкіндіктер туғызып отырған Мемлекет басшысының саясатын университет жастары толық қолдап, оның орындалуына атсалысады. Бұл мақсатта университет қабырғасында ақпараттық топтар құрылып, насихат жұмыстары жүргізілуде, — деді аталған департаменттің әлеуметтік мәселелер секторының жетекшісі Данагүл Базарбаева.

Акцияда жиналған жұртшылық жастардың өнеріне куә болды. Сахнада университеттің «Ақ желең» студенттік домбырашылар оркестрі бірнеше күй орындап, әншілер патриоттық әндер шырқады. Студенттер жүрекжарды арнауларын мәнерлеп оқыды. Үлкен экраннан көпшілікке Елбасының мақаласы таныстырылды.

— Елбасы мақаласынан төл тарихымыздың тереңде жатқанын айқын аңғарамыз. Ғылым мен білімнің қайнары болған ислам ғұламалары, ержүрек батырларымыздың есімдері барша әлемге мәлім. Әрбір азамат өз елінің батырларын, тарихын жете ұғына білуі керек. Егер Мемлекет басшысының мақаласын оқып қана қоймай, оның жүзеге асырылуына үлес қосатын болсақ, еліміз одан әрі дами түсетіні сөзсіз, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Аслан Әбуов.

Патриоттық акция соңы студенттердің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

http://www.aktobegazeti.kz/?p=71169