Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қоғамдық сана және ұлттық экономика

Қоғамдық сана және ұлттық экономика

Конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын кеңінен насихаттау мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлттық идеясын жүзеге асыру стратегиясы мен тәжірибесі» тақырыбында VII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Студенттер, магистранттар, доктаранттар мен жас ғалымдар қатысқан VII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ресей Федерациясынан экономика ғылымдарының докторы, профессор А.Тяпухин, Өзбекстан Республикасынан экономика ғылымдарының кандидаты, доцент А.Иниятов секілді ғалымдар арнайы келді.

— Экономика саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген жас ғалымдар мен аға буынның кездесуін ұйымдастырып, теориялық және практикалық ойларын ортаға салу мақсатында биыл жетінші мәрте өткізіп өткіздік. Бұған дейін республикалық деңгейде өткізіліп жүрген шара биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінгі шарада «Қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысынан қазіргі заманғы ұлттық экономиканы транформациялау», «Мемлекеттік сектордағы қоғамды жаңғырту жағдайында аймақмақтық экономиканы дамыту» секілді өзекті мәселелер талқыланды, — дейді конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Жүнісов.

Түске дейін Студенттер сарайында өткен конференцияның пленарлық жұмысында экономика саласына елеулі үлес қосып жүрген ғалымдар А.Тяпухин, А.Иниятовтың, «Қазақстандық салалық білім және ғылым  қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиевтің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Халел Құсайыновтың баяндамалары тыңдалды.

Ал күннің екінші жартысында секциялық отырыстар өтіп, экономика және құқық факультетінде экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ү.Байжомартов атындағы кабинет ашылды. Сондай-ақ конференция қонақтары үшін Ақтөбе қаласына экскурсия ұйымдастырылып, қаланың көрікті жерлері таныстырылды.

— Бүгінгі конференция барысында арнайы баяндама жасамасам да, өзімнің қазіргі зерттеу жұмысыма керекті мағлұматтар жинап, халықаралық деңгейдегі ғалымдармен пікір алмасу мақсатында арнайы келдім. Біз секілді экономика саласына енді қадам басқан жас ғалымдар үшін бүгінгідей конференцияның маңызы зор, — дейді Нархоз университетінің докторанты Азамат Садықов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=71166