Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылды

Ақтөбеде ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылды

Ақтөбеде ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылды Мемлекет басшысымен қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен азаматтардың цифрлық сауаттылығын және электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің негізгі қағидаларының бірі қызмет көрсету үрдісін үнемі жетілдіру болып табылады.

Осылайша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен колледждерде және жоғары оқу орындарында студенттерге қызмет көрсету орталықтарын ашу бастамасы қолға алынған болатын.

Қазіргі таңда, қаламыздағы 3 жоғары оқу орындарында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде, Қазақ-орыс халықаралық университетінде және С. Бәйшев атындағы Ақтөбе университетінде студенттерге қызмет көрсету орталықтары мен «өзіне-өзі электрондық қызмет көрсету бұрыштары» жұмыс жасауда.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Илья Пактің айтуынша, СҚКО ашылуы оқу үдерісінің ақпараттық ашықтығы мен оқу процесінің айқындығын дамытуға, сервистік қызметті оңтайландыруға, өзара сыйластық мәдениеті мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбейтін ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Осы тұста Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттің оң тәжірибесін атап өтуге болады. 2017 жылдың 26 қыркүйегінен бастап университетте «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс жасауда.Бүгінгі күні ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және студенттерге қызмет көрсету тәртібі арнайы терминал арқылы электронды кезек беру талоны арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, университет қызметкерлері мен студенттер электронды түрде «eARSU» немесе «earsubot telegrams bot» мобильді қосымшасы арқылы қызмет алуға өтініш бере алады. «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығының ашылуынан бастап 29 303 қызмет көрсетілген. Біз бұл оң тәжірибені басқа оқу орындарында қолдануға болады деп есептейміз», — деді И.Пак.

Сондай-ақ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде студенттерді жатақханаға орналастыруға электрондық жаңалығын енгізу бойынша Қазақстандағы алғаш университет болды.

«Сириус» жүйесі бөлмелерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді, өтініш берушімен тікелей байланысты жояды, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға ықпал етеді.

«Бағдарламаға өтініш тастап, студенттер ЭЦҚ-ны онлайн қояды және төлем төлейді. Содан кейін олар түбіртектің суретін түсіріп, оны түбіртек бөліміне бекітеді. Осыдан кейін олар қоныстану туралы шешім қабылдайды және жатақханаға орналаса алады», — деп түсіндірді Илья Пак.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бүгін Ақтөбе облысының 37 орта арнайы білім беру мекемесінде «электронды өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе