Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алмат атындағы кабинет ашылды

Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алмат атындағы кабинет ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мұстафа Шоқай — әлем таныған тұлға»  тақырыбы барысында бірқатар  тарихи танымдық іс-шаралар өтті. Оған республика, облысқа танымал филолог-тарихшы ғалымдар, облыстық әкімшілік өкілдері мен зиялы қауым өкілдері, Әлім Алматтың ұрпақтары, тума-туыстары мен университеттің профессор-оқытушылары жиналды.

Қазақтың тұңғыш кәсіби скрип­кашысы Әлім Алмат (шын есімі Ғалымжан Әбдісәләмов) 1917 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келіп, 2018 жылдың 1 ақпанында Стамбұл шаһарында  101 жасында өмірден озған болатын. Текті әулеттің бір тұяғы, Париж консерваториясының түлегі Әлім Алмат Алаштың ардағы Мұстафа Шоқайдың қамқорлығын көріп, шет жұртта қазақ атын асқақ­татқан аңыз адам атанған екен.

Алдымен шара университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінде қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алматқа арналған оқу кабинеті ашылуымен басталды.

Кабинеттің ашылуында сөз сөйлеген университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жұбанов университетіндегі дәрісханалар мен кабинеттерге белгілі тұлғалардың есімін беру дәстүрі жалғасып жатқандығын тілге тиек етіп, Әлім  Алмат кабинеттің ашылуына қолдау көрсеткен Махановтар әулетіне алғысын жеткізді.  Содан соң «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Қорғамбеков  сөз сөйлеп, кафедра оқытушысы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Есенғұловтың қыл қаламынан шыққан туындыны скрипкашының ұлы Төре Алматқа табыстады.

Сондай-ақ аталмыш кабинетте «Әлім Алмат: өмірі мен өнері» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Кітаптың жауапты редакторы Бекарыстан Мырзабай сөз алып: «Бұл кітап 1941 жылғы кеңес-герман соғысының басында Польшамен шекаралас рест-Литовск маңында тұтқындалып, 1943 жылы Германияға оқуға кеткен, талай «өлімнен өнерімен тірі қалған», ал соғстан кейінгі жылдары Мұстафа мен Мария Шоқайдың Ножан-сюр Марн қаласындағы үйінде тұрған, 1950 жылдан өмірінің ақырына дейін Стамбулда тұрақтап, ширек ғасыр бойы Стамбул симфониялық оркестрінің скрипкашысы болған Әлім Алматтың өмір тарихын қамтиды», — деп, жиналғандарға кітапты таныстырып өтті.

Мұнан соң Жұбанов конференц-залында «Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттар сабақтастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты.

Қазақтың тұңғыш кәсіби скрип­кашысы Әлім Алмат (шын есімі Ғалымжан Әбдісәләмов) 1917 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келіп, 2018 жылдың 1 ақпанында Ыстамбұл шаһарында  101 жасында өмірден озған болатын. Текті әулеттің бір тұяғы, Париж консерваториясының түлегі Әлім Алмат Алаштың ардағы Мұстафа Шоқайдың қамқорлығын көріп, шет жұртта қазақ атын асқақ­татқан аңыз адам атанған.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ