Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Мәскеуден келген қонақтар

Мәскеуден келген қонақтар

Ақтөбе қаласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті география факультетінің студенттері ғылыми-тәжірибелік практикадан өтті

2017 жылдың 13-16 тамыз айының аралығында Ақтөбе қаласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті география факультетінің «Экономикалық география» мамандығының студенттер тобы ғылыми-тәжірибелік практикадан (экспедиция) өтті. Практика жетекшісі – Ресей экономикалық және әлеуметтік география кафедрасының доценті, география ғылымдарының кандидаты А.И.Даньшин.

Практиканың мақсаты – екі ел арасындағы Орал оңтүстік облыстары мен Батыс Қазақстан шекаралас ынтымақтастық мәселелері, болашақтағы даму жоспарларымен танысу.

Жоғары оқу орындары арасындағы келісімшарт негізінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті басшылығы Мәскеу студенттеріне өңірімізде практикадан өтуге қолдау білдірді. Өнеркәсіп орындарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруға және облыс орталығында тақырыптық экскурсияларды өткізуге университетіміздің тарих факультеті география кафедрасының оқытушылары белсенділік танытты.

Студенттер практика барысында Батыс Қазақстан геологиялық көрмесі, Ақтөбе хром қосындылар зауытында, «Айс-плюс» ЖШС және сонымен бірге тағы басқа бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.

Ақтөбе хром қосындылар зауытында Қазақстанның еңбек сіңірген геологы, хром және мыс рудаларын кен орындарында ашқан ғалым Е.И.Книжникпен кездесу өткізілді. Аймақтық геологиялық көрмеде Ақтөбе облысындағы тау жыныстары, минералдар, Жаманшин метеориттік кратері туралы экскурсия ұйымдастырылды.

Практика барысында Мәскеу студенттеріне география кафедрасының меңгерушісі, г.ғ.к., доцент Г.Т.Кубесова аймақтағы өнеркәсіп салалары, нысандары, олардың қазіргі жағдайымен, даму перспективалары туралы ақпарат беріп отырды.

Студенттер облыс орталығында көлік түрлері бойынша статистикалық мәліметтерді, жүк тасымалдау бағыттарын талдады.

Іссапар соңында Мәскеу өкілдері университеттің ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Р.Бекназаровпен кездесті. Кездесу барысында екі ЖОО арасында білім, география ғылымы, туризм облыстарында ынтымақтастық және байланысты нығайту бағыттары айтылды. Сонымен қатар география, туризм мамандықтары бойынша бірлескен ғылыми жобаларды, студенттік ғылымисеріктестік, академиялық ұтқырлық бағдарламасын нығайту сұрақтары талқыланды.