Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттарына арналған шаралар легі Ақтөбе университетінде өтті

Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттарына арналған шаралар легі Ақтөбе университетінде өтті

2018 жылдың қараша айының 27-сі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мұстафа Шоқай — әлем таныған тұлға»  тақырыбы барысында бірқатар  тарихи танымдық іс-шаралар өтті.  Оған республика, облысқа танымал филолог-тарихшы ғалымдар, облыстық әкімшілік өкілдері мен зиялы қауым өкілдері, Әлім Алматтың ұрпақтары, тума-туыстары мен университеттің профессор-оқытушылары жиналды.

DSC_2207

Қазақтың тұңғыш кәсіби скрип­кашысы Әлім Алмат (шын есімі Ғалымжан Әбдісәләмов) 1917 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келіп, 2018 жылдың 1 ақпанында Стамбұл шаһарында  101 жасында өмірден озған болатын. Текті әулеттің бір тұяғы, Париж консерваториясының түлегі Әлім Алмат Алаштың ардағы Мұстафа Шоқайдың қамқорлығын көріп, шет жұртта қазақ атын асқақ­татқан аңыз адам атанған екен.

Алдымен шара университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінде қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алматқа арналған оқу кабинеті ашылуымен басталды.

Кабинеттің ашылуында сөз сөйлеген университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жұбанов университетіндегі дәрісханалар мен кабинеттерге белгілі тұлғалардың есімін беру дәстүрі жалғасып жатқандығын тілге тиек етіп, Әлім  Алмат кабинеттің ашылуына қолдау көрсеткен Махановтар әулетіне алғысын жеткізді.  Содан соң «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Қорғамбеков  сөз сөйлеп, кафедра оқытушысы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Есенғұловтың қыл қаламынан шыққан туындыны скрипкашының немере інісі Роман Рахиұлына табыстады.

Сондай-ақ аталмыш кабинетте «Әлім Алмат: өмірі мен өнері» атты кітаптың тұсау кесері өтті. Кітаптың жауапты редакторы Бекарыстан Мырзабай сөз алып: «Бұл кітап 1941 жылғы кеңес-герман соғысының басында Польшамен шекаралас рест-Литовск маңында тұтқындалып, 1943 жылы Германияға оқуға кеткен, талай «өлімнен өнерімен тірі қалған», ал соғстан кейінгі жылдары Мұстафа мен Мария Шоқайдың Ножан-сюр Марн қаласындағы үйінде тұрған, 1950 жылдан өмірінің ақырына дейін Стамбулда тұрақтап, ширек ғасыр бойы Стамбул симфониялық оркестрінің скрипкашысы болған Әлім Алматтың өмір тарихын қамтиды» , — деп, жиналғандарға кітапты таныстырып өтті.

Бүкіл түркі жұртының ғана емес, әлемдік деңгейдегі зиялылармен терезесі тең қайраткер Мұстафа Шоқай­ға арналған шаралар легі мұнымен шектелген жоқ. Әрі қарай  «Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттар сабақтастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Мұнда «Әлем таныған тұлға» ғылыми монографиясы мен «Мұстафа Шоқайдың 12 томдық мұралары» ғылыми жинақтарының таныстырылымы өтті.  Бұл шарада жарық көрген аталмыш ғылыми жинақтардың мән-маңызы жан-жақты сөз болды.

Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ректор Бауыржан Ердембековтің құттықтауымен жеткізіп,  Әлім Алматтың немере інісі Роман Рахиұлына «Жұбанов төсбелігісін» табыс етті. Конференцияны одан әрі Республикалық Ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары,   профессор Өмірзақ Озғанбай құттықтау сөзімен жалғастырды.

DSC_2181

Республикамызға және халықаралық деңгейде танылған профессор ғалымдар қатысқан бұл ғылыми шарада Амангелді Айталы, Әбжанов Хангелді, Әбдіжәлел Бәкір, Сабыр Қасымов сынды профессор ғалымдар, тарихшылар мен саясаткерлер  баяндамалар  жасап, тұшымды ойларын ортаға салды. Ғалымдар Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер екенін тағы да бір дәлелдеп, терең ойлы әңгімелерді сөз етті.  Жалпы конференцияға қатысушылар Мұстафа Шоқай туралы көптеген тың деректерге қанықты.

Конференция қатысушыларының айтуынша университетте өткізіліп отырған конференция және басқосу барысындағы көтерілетін мәселелер тың зерттеулерге түрткі болып, ХХ ғасырдың басындағы түркі-мұсылман халықтары тарихының күрделі мәселелерінің күрмеуін шешуде өзіндік орын алуына ықпал етпек.

Иә, халқы қадірлеген, құрмет тұтқан Мұстафа Шоқайдың еңбегі — баға жетпес асыл мұра. Бүгінде Сыр елінің ғана емес, түркі жұртының мақтанышы, көпшіліктің ардақты ағасына айналған алып тұлғасы дүниеден өтсе де, оның есімі, жасаған ерен еңбегі халық жадында сақтаулы екені тағы да дәлелденді. Жұбанов университетінде басталған мұндай шара секциялық жұмыстармен аяқталды. Ал, екі күнге созылған бұл шаралар ертең қалада  Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқай 1918 жылы мамырда аялдаған тарихи ескерткіш ғимаратқа экскурсиямен, «Қазақтың үнін сағынамын…!» атты документалды – музыкалық спектакльмен, Әлім Алмат ұрпақтарының Ырғыз ауданы жұртшылығымен кездесуімен жалғасады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

 мемлекеттік университетінің

Баспасөз қызметі