Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қазақ халқының діни мәдениетінің қалыптасуындағы ұлттық құндылықтардың рөлі

Қазақ халқының діни мәдениетінің қалыптасуындағы ұлттық құндылықтардың рөлі

Кез келген мемлекеттің, қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктер ғасырлар бойы қалыптасып отыратын мемлекеттің мүддесімен, ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен тығыз байланысты. Яғни мемлекеттің, оның қоғамының ерекшеліктерін айқындап отыратын ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтар болмаса ұлттың мәдениеті, дін мен дәстүр, қоғамдағы тұрақтылықты, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды. Бұның барлығы ұрпақ санасында өмір сүретін ұлттық құндылықтар туралы ұғымға тікелей тәуелді. Сондықтан да ұлттық құндылықтар деп мемлекет құрушы ұлттың рухани өмірін, болмысын, мәдениетін жалғастырып, болашағын айқындап отыратын және мемлекет мүддесінің негізін құрайтын, жеке адамды мемлекетімен, ұлттық болмысымен біріктіріп отыратын дүниелерді айтамыз. Ұлттық құндылықтардың қатарында дүниетаным, ана тілі, ұлттың ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, ұлттық өнер түрлері, атамекен, осы атамекен жер рухын негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім, ғылым және т.б. жатады. Бір сөзбен айтқанда ұлттың табиғи ортасына сай өмір сүрудегі қол жеткізген тәжірибелері мен игіліктерін ұлттық құндылықтар дейміз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, осы ұлттық құндылықтар негізінде қоғамның дәстүрлі бейбіт жолмен дамуына қатысты былай деген: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізеді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс». Ұлт мәдениетінің, мемлекеттің дамуы қашанда өзінің дәстүрлі эволюциялық жолымен жүзеге асып отырған.  Қоғамның тарихи және әлеуметтік мәдени даму жолында мемлекет иесі ұлт ұрпақтың болашағына қажетті игіліктерді қалыптастырып отырады. Бұл игіліктер (жоғарыда айтып өткеніміздей) мемлекеттің дүниесіне, ұлттың меншігіне (қазынасына) айналған дүниелер  (атамекен, мәдениет, тарих, тіл, дәстүр, дін және т.б.) Мемлекет пен ұлт болмысының эволюциялық даму жолы алдыменен қоғам өмірінде (халықтың рухани өмірінде) ұлттық бірегейліктің сақталып отыруымен тығыз байланысты. Ұлттық бірегейлік ұлттық құндылықтардың ұрпақ болмысының бойында бірігуінен шығады.  Ұлттық бірегейлікті ұлттың болашағын айқындап отыратын құндылықтардың жиынтығы (негізгі құбылысы мен көрінісі) деп түсінген ұрпақ, алаш зиялыларының сөзімен айтсақ тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін иманы дәрежесіне көтереді. Ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрінің ата дініне қайшы келмейтіндігін біледі. Бұны айтып отырған себебіміз,  қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі саяси құбылыстар,  әсіресе тәстүрден тыс қалыптасқан діни ағымдар, түрлі діни секталар кез келген мемлекеттің рухани өмірінде алдыменен халықтың болмысындағы ұлттық бірегейлікті жою амалдарымен көрінуде.

Ұлттық құндылықтардың халық танымында, әсіресе жастардың ой өрісінде орын алуы ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпал етіп отырады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, сақтап отыратын тарихи сана,  тарихи сана негізінде қалыптасатын ұлттық сана. Ұлттық сана тарихты тегістей білуден шығады. Сондықтанда ұлттық құндылықтар дегеніміз (ұлттық зерде биігімен қарайтын болсақ) ұлттың дүниетанымында, ұрпақтың ұлттық ойлауы негізінде өмір сүріп отыратын нәрселер. Ұлттың рухани мәнге ие төл дүниелерінің ұлттық құндылыққа айналып отыруы адыменен халықтың (ұрпақтың) рухани деңгейіне тәуелді.

Еліміздің тарихында жерін, елін және ұлтының болашағын қатар ойлаған, оған жан- жақты қызмет ете білген зиялылар қоғам алдына қалай шыққан? Тарихтағы қазақ тұлғаларын арнайы ешкім бүгінгідей оқытқан жоқ. Қарапайым қоғамның рухани өмірінде ата-ананың, әлеуметтік ортаның ықпалымен үйретілген ұлттық тәрбие, өткеннің тағылымын баяндайтын тарихи әңгімелер,  дін мен ұлт дәстүрін қатар зерделеуді үйреткен, бұлардың бір-бірімен үнемі байланысты болатындығын  ұғындырған үлкендердің тәлім-тәрбиесі небір талант иелерін қоғам алдына шығарған.

Қазіргідей арнайы заманауи білім алмай ақ (білім алуға мүмкіндігі болмаса да) тарихтағы қазақтың кез келген зиялы адамы, тіпті жас балаға дейін мемлекетінің мәртебесін арттырып отыратын ұлттық құндылықтар екендігін ерте түсінген. Бұның басты себебі елдің төл мәдениетінің  болмысымен қазақ баласының етене араласып өсуінде. Отбасы, қоғам, әлеуметтік орта, ауыл, ел болып жастарға ұлт игідіктері жөнінде дұрыс бағдар берілуінде. Қазақ тарихта небір қиындықтарды басынан өткізгенімен ұлттық құндылықтарынан қол үзбеген, ұлт руханиятын сақтау арқылы ұлттық бірегейлікті жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихы ұғымдар сақталып отырған.

Философия тарихында құндылықтар мәселесі сонау ерте дәуірдің өзінде жолға қойылған. Көне дәуірде грек ойшылы  Сократтың келер уақытқа ұсынған «Игілік дегеніміз не нәрсе?» деген бір ғана сауалы, адамзат мәдениетінің тарихында құндылықтар туралы ілімнің қалыптасуына ықпал етті.  Осыдан мыңдаған жылдар бұрын қозғалған, ғасырлар бойы зерделеніп отырған Сократтың құндылықтарды тану жөніндегі сауалы әрбір жаңа уақыттың шеңберінде адамзат, мемлекет, жекелеген ұлттардың өмірі, болашағы үшін ненің маңызды дүние екендігін тереңнен ұғындырып отырған.

Қазақ руханиятында ұрпаққа кеңінен насихатталатын игіліктер халықтың бейбіт өмірін, тәуелсіздік, ұлттың өсімі, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді және өнерлі болу, осы жолда жігерлі болу, елдің мүддесін қорғауда жан-жақты болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, дәстүрді, тарихтың тағылымын дәріптеу және т.б. Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған тұлғаларымыздың бірі Асанқайғы данамыз ұрпаққа мынадай өсиетін қадырған:

Көлде жүрген қоңыр қаз

Қыр қадірін не білсін!

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірін не білсін!

Ауылдағы жамандар

Ел қадірін не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген,

Жер қадірін не білсін!

Көшсе қона білмеген,

Қонса көше білмеген,

Ақылыңа көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін[2. 16 б. ]. Шыныменде ұлттық мүдде мәселесіне бабаларымыздың зердесімен қарайтын болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың негізінде ұлттың өмір сүрудегі мұрат-мақсаты, ұстанымы жатыр. Қазақтың тарихтағы көшпелі тұрмысы көптеген нәрсенің мән жайын аңғартады. Ұлттың болашағы ұрпақ игілігі деп түсінген бабаларымыз атамекенді көздің қарашығындай  қорғаған. Елдің  мүддесін қорғап, оның өрісін кеңейтіп отыру үшін адамға ақыл, білім, жігер қажет. Бұл қасиеттер адам болмысына елдің тұрмысымен, болмысымен және руханиятымен етене араласып өсуімен келген.

Ұлт руханияты, әсіресе оның білімі жастарға алдыменен ұлттық құндылықтарды зерделеп, оған қызмет етуге ықпал етіп отырған. Ұлт игіліктерін құндылық дәрежесінде зерделеп, ұғыну үшін адамға рухани деңгей қажет.  Адам болмысындағы рухани деңгей Асанқайғы данамыз айтып кеткендей, әрбір ұлт игіліктерінің мәнісін білуден шығады. Бұны жастарға үйрететін орта, ата-ана.

Ислам діні қазақ жеріне келгеннен бастап ата тарих өрісіндегі ұлттық құндылықтарымыздың дін тарапынан қолдау тауып, өрісін кеңейтіп отырғандығын көреміз. Бабаларымыз дін мен өмірден алған тәжірибесін дәстүрдің біліміне айналдырып отырған. Дәстүрлі қазақ қоғамында дінді ұғыну мен ұстанудың дәстүрлі жолы қалыптасты. Сонымен қатар тарихтағы діни тұлғалар дәстүрі дін мен ұлт руханиятының құндылықтарын зерделеудің  өзіндік әдеп ережелерін қалыптастырып отырған. Осының нәтижесінде қазақ қоғамында дінді түсіну, білу, үйрену мәселелері діни тұлғалардың дәстүріне бағынды. Бұған қарап, қазақ қоғамының рухани өмірінде қалыптасқан діни тұлғалар институты қоғамдағы ұлттық бірегейлікті тегістей сақтап отырғанндығын білеміз.

Құндылықтар бағдары шеңберінде негізгі көзге түсіп отыратын нәрсе бағалау принципі. Ұлт игіліктерінің құндылыққа айналуында  ұлттың болашағын, мүддесін, тәуелсіздікті, мемлекеттің дербестігін, бейбітшілікті бағалау жатыр. Өскелең ұрпаққа ұлт иігіліктерін құндылық деңгейінде насихаттап отыратын ұлттық тәрбие.

Ұлттық құндылықтарды бағалау атамекенді, мемлекеттің мүддесін қалыптастырушы ұлттың тағылымын және ұлт тұлғаларының ерлігін түсінуден шығады. Бағалау тарихты білуден, оның рухын бойға сіңіруден, тағылымын ұғынудан басталған.  Дініміздің өзі ұрпаққа осы дүниелерді үйретеді. Жаратылыс ақиқатын ұғынуда ата-ананың еңбегін, адамзаттың, халықтың игіліктерін ұмытпау, оған адал қызмет ету, білімді, өнерлі, қайырымды болу, еңбекті құрметтеу, әділетті болу дініміздің бізден талап ететін дүниелерінің бірі.  Осы тұрғыдан қарайтын болсақ,  қазақ халқының өмір сүру тәжірибесі, дәстүрі, мәдениеті, дүниетанымы, тарихы  және сол тарих өрісіндегі тұлғалар тағылымының еш уақытта да дінге қайшы келмегендігін бүгін бізге тарих көрсетуде.  Бабаларымыз қазақтың ұлттық бірегейлігі сақталған жерде ғана діннің де рухының ел болмысының бойында тұрақтап (сақталып) отыратындығын жете түсінген. Шал ақын данамыз айтып кеткендей:

Бұл дүниенің мысалы

Ұшып өткен құспен тең.

Өмірде көрген жақсылық

Ұйықтап өткен түспен тең.

Атадан мирас ақылың,

Түзік айтқан мақұлың

Ләзім болған іспен тең…

Ағайының көп болса,

Бірлігі оның бек болса,

Жамандық жер кез келсе,

Бір-біріне сеп болса,

Бүтін тұрған бұзылмай

Отыз екі тіспен тең.

Айдынды жақсы аймен тең,

Жомарт жігіт баймен тең.

Шешен жігіт дүрмен тең,

Имансыз көңіл кірмен тең.

Ақылы жоқ надандар,

Іс бітірмес жамандар

Жүз болса да бірмен тең

Қазақта дініне береіктік деген ұғым осыдан шыққан. Әр нәрсенің теңін біліп, шамалау діни сауатылықтан шығады. Діни сауаттылық кемелділіктен шығады, діннің білімін терең білу тәрбиеден, даналықтан, рухани тереңдіктен білінеді.

Қазақтың өмір мәндік түсінігінің негізінде діни сауаттылық жатыр.  Мәселен қазақта «жақсы сөз жарым ырыс» деген қанатты сөз бар. Бұның мағынасы адамға құрметпен, өмірге биік мақсатпен, сеніммен қарауды білдіреді. Ұлттық бірегейлікті сақтауда бабаларымыз осындай адам мен қоғам болмысының рухани тереңдігін негіздейтін ұғымдарға ерекше мән берген. «Көңіл», «кеңдік», «түсінік», «тәубә», «қанағат», «тәуекелшілдік» бұның барлығы өмірге, өткен мен болашаққа құрметпен, адамға сеніммен қарауды үйретеді. Қазақ баласының рухани қалыптасу жолында ата-ана, ата-әже, ата-баба тағылымы, бауыр, ағайын-туыс, ауыл, ел түсінігі ұлттық қасиеттеріміздің ерекше құбылыстарын негіздейтін және бейнелеп отыратын дәстүр тәжірибелерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Бұны айтып отырған себебіміз, діннің табиғаты, көздейтіні де, үйрететіні де, талап ететіні де ізгілік. Ізгілікке жеке адам, ұлт, халық бір болғанда ғана жетеді. «Ер елімен ажарлы» деген ұғым да осыдан туындаған. Имандылықтың да өрісі халықтың болмысымен ұштасатын адамның іс-әрекетімен кеңейіп отырған.

Дәстүрден тыс теріс ағымдардың, түрлі діни секталардың көздейтіні, бүлдіруге күш салатыны жастардың жаңа қалыптасып келе жатқан санасы, ой өрісі. Жастадың санасында жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт игіліктері туралы түсінікті өшіру арқылы тарихына, мәдениетіне, өскен ортасына (қоғамына) қарсы қою арқылы қоғамынан ажыратып алу олардың тарапынан жасалатын басты әрекеттердің бірі екендігі белгілі. Бұндай теріс идеологияның ықпалында қалған адамның ұстанымы, түсінігі, көзқарасы өзгереді. Әсіресе ұстанымы әлеуметтік ортасына қайшы келе бастайды. Осындай жағдайлардың қоғамнан орын ала бастауы жекелеген адамдардың арасындағы азаматтық бірегейлікті жойып жібереді. Бұның артынша қоғамдағы ұлттық бірегейлік әлсірей бастайды.

Ұлттық құндылықтар туралы адам танымында қалыптасатын ұғым  оның болмысының негізінде жататын рухани иммунитет болып саналады. Егер адамның рухани болмысының шеңберінде бұл болмаған жағдайда, яғни қоғамда халық пен ұрпақ болмысында ұлттық қасиеттер болмаса діни секталардың қоғамдық ортадағы ықпалы өздігінен күшеюі мүмкін. Сондықтанда ұлттық тәжірибелер тәрбие негізінде ұрпақтың бойындағы ұлттық қасиеттерді оятып, нығайтып отырады. тарихтағы небір діни адамдардың халыққа ата дінін үйретуде қоғамның, жеке адамның бойындағы қасиеттер мен тәжірибелерді дәріптеп отыруының мәні осында жатыр.  Қоғамда рухани тереңдік, мәдениеттілік, дәстүр құндылықтары болмай тұрақтылық сақталмайды. Тұрақтылық болмаған жерде дәстүрлі дін ережелері сақтала бермейді, ол бір тарихи дүние болып қалады.  Себебі дәстүрді қалыптастыру мен дұрыс пайдаланудағы ұлттың танымы дінді сақтап отырады.

Ұлт руханиятындағы қазақтың ұлттық құндылықтар жөніндегі түсінігі өскелең ұрпақтың тарихын, мәдениетін терең біліп, мемлекетімен бір өмір сүруіне ықпал етеді, дінді білім, даналық арқылы қорғауға көмектеседі.

Егер қоғамдағы жастардың бойында мемлекет, оның құндылықтары туралы ұғым қалыптаспаса кез келген теріс идеология жастардың ой өрісіне кері ықпал етіп қоғамынан ажыратып алып кететіндігі анық. Бұндай жағдайлар бүгінгі адамзат әлемінде жиі орын алуда. Сондықтанда ұрпақтың бағыт алатыны және тәлім алатын негізгі дүниесі ұлттың мәдениеті мен тарихы болуы қажет. Бұған қатысты талай зиялыларымыз терең ойларын тарих бетінде қалдырған. Осыдан аз уақыт бұрын ұрпаққа көптеген тарихи дүниелерді жазып қалдырған Халифа Алтай атамыз,  «Таңдамалы хадистер аудармасында» былай деген: «Алхамдулилла, біз мұсылманбыз. Дініміз Ислам. Бұған ешбір шәк-шүбәміз жоқ. Әрине, бұған мақтаныш етеміз. Мұсылман болғандығымыз үшін Аллаға қаншалық шүкіршілік етсек аз. Екінші бір мақтаныш ететін жағдай әлемге әйгілі Хадис ғалымы Мұхаммед Исмағил (имам Бұхари) және иғтикад имамы Абдулмансұр Матуриди бізден шыққан. Тағы Ибнсина, Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмуд Қашғари және Юсуф Хас Хажиб сияқты дүние бойынша машһүр ғалымдар бізден шыққан. Бір замандарда Бұхара қаласы «Бұхара шариф» делініп, Бұхара шәрифте көрнекті медреселер, айбатты мешіттер болған. Ұзақ уақыт діни дәрістер беріліп, дін адамдары, ғалымдар шыққан киелі жер. Хадисте Сахих, Бұхари, Фықһи да Мұхтасар выкая,  һидая тәрізді кітаптар жазылатын болған. Бүгінде де Бұхара қаласы сол сәулетті күмбездері мен зәулім мұнаралары және Түркістандағы Хазрет Хожа Ахмед Иассауидің мазары сол алтын дәуірдің мәңгілік айғағы болып, біздерге мен мұндалап тарихымызды ескертуде»

Тарихқа тағы бір сәт үңілер болсақ, жоғарыда да тоқталып өткеніміздей  қазақ жастарының бүгінгі замандағыдай жан- жақты білім алуына мүмкіндігі болмаса да, өркениет заманында кез келген адамның оңай қолы жете бермейтін тұлғалық дәрежеге тәрбие мен даналықты үйрету арқылы қазақ баласының қолын жеткізіп отырған. Тарихтағы қазақ жастарының ішінен шыққан батырлар, билер, жыраулар, небір күйшілер, азулы ақындар, кемеңгер ғалымдар осы шындықтың куәсі. Бұлардың да уақытында адамзат әлемінде орын алып жатқан құбылыстармен ұштасқан қоғамның проблемалары аз болмаған.  Адамның ойы түгіл, түсіне де кірмеген дағдарыстар (отаршылдық, ашаршылық, репрессия, ядролық сынақ) қазақ қоғамында бірінен кейін бірі орын алып отырды. Осындай сәттерде қиындыққа шыдаған халқымыздың болмысынан шынайы діни сауаттылықты,  ұлттық рухты көреміз. Үлкендердің балаға ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, жігерлі, қиындыққа шыдамды болып өсуді үйретіп отырғандығы да осындай уақыт жағдайында ерекше көзге түседі. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «Батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Ошақ басы, үй ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз. Әке-шеше, туысқан-туған, мал-мүлік, ең қымбатты жан- солардың бәрін жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз”. Қоғамдағы жастардың болашағына қатысты барлық мәселе игіліктерді дұрыс зерделемеуден, балаға үйретілмегеннен шығады.  Шынайы сауаттылық ұлттық болмыс тұтастығын, мемлекеттің дербестігін, елдің тәуелсіздігін білуден, оның рухын құрметтеуден шыып отырған.

Қоғамды дамытатын қоғамдық санан, оның тарихи түрлері (тарих, мәдениет, тіл, дін, дәстүр, өнер, білім, ғылым, экономика, саясат, құқық және т.б.). Бұларды сақтап, уақыт талабына сай өрісін кеңейтіп, дамытып отыратын  мемлекет, жеке адам. Ұлттық құндылықтардың танымдық қызметі  жеке адамды ұлттың болмысымен біріктіріп, мемлекет мүддесіне қызмет етуге бастап отырады.

Адамзат баласының ғасырлар бойғы игілік тақырыбындағы ізденістерінің мәні мен себеп-салдары ағартушылық деңгейімен көрінеді. Себебі игілік ұғымын зерделеуде адам баласы көптеген білім түрлерін қалыптастырған. Дәстүрлі ата дініміздің өзі білімді, сауатты, мәдениетті болуды қашанда ұрпақтан талап етіп отырған.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы