Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әсет мұрасы: аңыз бен ақиқат

Әсет мұрасы: аңыз бен ақиқат

Әсет ақын – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ғана емес, Абайдың ақын шәкірті ретінде де басқа ақындардан дараланады. Көп ақынның маңдайына сыя бермейтін бақыт – Абайдың алдын көріп, тағылымын ұғу болса, Әсетке сол мәртебе молынан бұйырды.

Арқалы ақын, әйгілі әнші Әсеттің тағдыры, әсіресе өмірінің соңғы тұсы тәлкекке көп түсіп, ақынға ауыр азабын арқалатып кетті. Адуынды Әсет тұлғасы кеңестік заман пішкен қалыпқа сыя қоймады. Шарасыз ақын әні мен өлеңін арқалап, шекарадан асты. Арғы беттегі қаймана қазақ баласының жаралы жанын кәусар сөз, әсерлі әнімен емдеді.

Жалпы Әсет – өмірі де, әдеби мұрасы да аз зерттелген, әлі өз бағасын ала қоймаған әдебиет қайраткерлерінің бірі. Әсеттің туған жері, оқыған оқу орындары жайлы екіұшты пікірлердің әлі күнге бір тоқтам таба алмай жатуының өзі бұған дәлел бола алады.

Көп қырлы талант иесі Әсеттің қилы тағдыры, әсіресе, Қытайдағы өмірі жайлы деректер әлі оқырманын тапқан жоқ. Қытайдың Бежің қаласындағы «Ұлттар» баспасынан 2000 жылы шыққан Әсеттің қос томдығын (Әсет шығармалары. /Құраст. Қ.Нұртазин/. –Бежің: Ұлттар баспасы, 2000. – 1228 бет) бергі жақтағы ақын шығармаларымен салыстырып, ғылыми жүйеге түсірмей, Әсет мұрасы туралы толымды сөз айту асығыстық болады. Тереңдеп бармай ақынның екі елде шыққан жинақтарындағы елеулі деген айырмашылықтарын сөз етсек те жеткілікті. Қытайда шыққан Әсет өлеңдерінің саны – 78 болса, 1988 жылы Алматыда басылған жинақтағы өлеңдердің саны – 71. Сан жағынан алшақ кетпедік дегенімізбен екі жинақтағы өлеңдер әртүрлі. Бірінде бар да, екіншісінде жоқ. Айтыстарына келсек, қазақстандық басылымдағы Әсеттің Кәрібаймен, Қалимен, Қосымбаймен айтыстары арғы беттегі жинақта жоқ, керісінше Әсет айтыстарының қатарындағы Біржанмен, Жамбылмен сөз қағыстары, Әріпжанмен жауаптасуы, Есенқұл, Көкей қыз, Төрт ақынмен айтыстары біздегі жинаққа енбеген. Әсеттің көлемді туындылары – қисса дастандарының саны Қытай жерінен шыққан жинақта – 19 болса, біздегіде – 8 ғана. Міне, осындай көзге ұрып тұрған қарапайым алшақтықтардан-ақ ақын мұрасының зерттелу ісінің қаншалықты кенжелеп жатқанын аңғаруға болады. Шекараның арғы бетінде шыққан жинақтың салмағы ауырлау екендігінде сөз жоқ. Қазақ жерінде дерекке жарымай отырған әсеттану ғылымына қосылған қомақты үлес – Бежіңнен шыққан екі томдық. Десек те, арғы бетте құрастырылған жинақты зерттеу елегінен өткізбей қабылдай салу – қазақ әдебиеті үшін абырой әпермейтін іс. Екі жинаққа текстологиялық салыстырулар жүргізіп, әсіресе Қытайда шыққан қос томдықтағы басы даулы деген туындылардың Әсеттікі екенін дәлелдеу – бөлек бір зерттеуді қажет ететін ауқымды дүние. Дей тұрғанмен, осы жинақтағы даулы шығармалардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Өйткені, Абайдың басқа шәкірттерінің шығармалары, тағы басқа туындылар осы жинаққа Әсеттікі делініп ағат қосылған.

Сондай өлеңдердің бірі – Әріп Тәңірбергенұлының жас кезінде жазған «Жеңгелерге» деген арнау өлеңін қытай жақтағы бауырларымыз Әсетке теліп келеді. Ақынның «Ұмытпаңыздар мені» жинағында да Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында да өлеңнің толық емес, ел аузынан жеткен жұрнағы ғана басылған. Өлеңнің толық нұсқасы Әсет ақынға телініп, алғашында «Әсеттің белгісіз өлеңдері» деген топтамамен, қытай елінен Асқар Игенұлының ұсынуымен «Жұлдыз» журналында (Игенұлы А. Әсеттің белгісіз өлеңдері.// Жұлдыз. 1994. №1), кейіннен жаңағы екі томдықта жарияланды.

Әріптің өлеңіне Қ.Мұхамедханұлы мынандай түсінік береді: «Әріптің он жеті жасында әкесі Тәңірберген біреумен құда болып, Әріпті қайнына жібереді. Әріп қайнына барған соң, жеңгелері жеңгетай сұрапты. Әріп таңертең аларсыздар деп, ертеңінде жеңгелеріне осы өлеңді айтады. Естіген адамдар Әріптің бұл өлеңі бұдан гөрі молырақ болса керек»,- дейді (Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 3-к. –Алматы: Дәуір, 1995, 66-б). Әсеттікі делінген өлеңнің де түсінігі осыған жақын: «Әсет жас кезінде айттырып қойған қалындығына қалындық ойнап ұрын барған жолы қыз жеңгелері қызды Әсетке жолықтырып, жеңгетайлық жолдарын сұрапты. Онсыз да елден естігені келіп, ішқұса болып отырған Әсет шырқап әнге басады. Көңілінен шықпаған қалыңдығына өкпелі ақын сол ауылдан қайырылмастай болып аттанып кетеді» (Игенұлы А. Әсеттің белгісіз өлеңдері.// Жұлдыз. 1994. №1. 46-б). Әсеттікі делінген өлеңнің толық нұсқасы 41 жол, толық емес өлеңнен 31 жол артық. Өлеңді Әріптікі дейтініміз – Әріп бұл өлеңді 17 жасында жазғанда Әсет әлі қалындық ойнайтын жасқа жетпеген бала. Кейін Әсет өз жағдайына пайдалануы, әнге қосып халық арасына таратуы әбден мүмкін, бірақ ол өлеңді Әсеттікі ете алмайды.

Аталмыш өлеңнің Әріп ақындікі екендігіне бұлтартпас дәлелдердің бірі – Ә.Тәңірбергенұлының туып-өскен өлкесінде халық аузында сақталып, бүгінгі күнде Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақталған құнды мұраның бірі – «Бұл оқиға Сыбан Әріп ақынның оқиғасы» деп аталатын көлемді тарихи дастан (қараңыз: ҚР ҰҒА ӘӨИ қолжазбалар қоры. 356-бума. 4-дәптер). Бұл шығарманың авторы белгісіз. Қолжазбаның сыртында «Жинаған Байбатыров М. 1954-1959 жылдар» деген жазуы бар. Бұл дастан Әріптің «Жеңгелерге» өлеңінің шығу тарихына анықтама боларлық құнды дерек. Біз бұл туралы арнайы мақала жазып, дастанды кезінде баспасөзде жариялағадықтан (қараңыз: Ердембеков Б. Әріптің бір өлеңі турасында.// Абай. 2006. №2), әңгімені осы жерден үземіз.

Екінші бір даулы дүние – Әсеттің қытайда шыққан қос томдығына еніп кеткен «Түсіпхан» дастаны. Бұл дастан туралы қос томдықта ешқандай түсінік берілмеген. Жалпы Бежің жинағы түсініктемесіз шыққан. «Түсіпхан» Әсеттен басқа Абайдың шәкірті Бейсенбай Жәнібекұлына (1858-1917), Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлына телініп жүр. Бейсенбай туралы деректер өте аз жеткен. Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылғы диссертациясының қосымшасында Бейсенбай ақын туралы кысқа ғана мағлұмат берілген. Тобықты ішінде Топай деген рудан, әкесі Жәнібек кедей, байдың жылқысын баққан. Бейсенбай Абай және оның айналасындағы ақындар шығармаларын әнге қосып елге таратқан ақындығы бар, талантты әнші, домбырашы болған. Абайдың тапсырмасымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасын жырлаған, көп түрлі әнге қосып, халыққа таратқан. Басқа, Бейсенбайды ақын дерліктей өлең мұрасы бізге жетпеген. Тек құрбысына қалжың қып айтқан бір ауыз өлеңін ғана көңілге медеу тұтамыз (қараңыз: Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-т. –Алматы: Алаш, 2005. 185-186-бб). Авторы белгісіз туынды ретінде «Түсіпхан» қиссасы алғаш рет ғалым Бейсенбай Байғалиевтің ұсынуымен 1996 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып (Қисса Түсіпхан.// Жұлдыз. 1996. №7-8), қиссаның соңында «Жұлдызға хат» деген айдармен екі адамның хаты берілді. Баянауыл өлкесінен Сүйіндік Көпеев деген қиссаны М.Ж. Көпейұлыныкі, ал оны елге таратушы Әсет ақын деген пікірді ұстанса, қиссаның бір нұсқасын бізге сақтап жеткізуші Алматы өңірінен Ж.Айдарханұлының: «Нүсіпханды» (қисса кей нұсқаларда осылай аталады. Б.Е) — Абай төңірегіндегі ақындардың біреуі шығарса керек-ті. Мұндағыға дейін, өз басым не Шәкәрім, не Көкбайдікі деп келгенім бар. Кім жазса да ақындық қуаты толысқан адамдікі. Бейнелі тіл ерекшелігі, көркемдік келбеті көп дастандардан көш ілгері. Өкініштісі, авторы кім екендігін ешкім де дөп басып айта алмайды»(Айдарханұлы Ж. Жұлдызға хат.// Жұлдыз. 1996. №7-8. 165-б),- деген пікірі қисса авторының әлі де болса анықталмағанын айғақтайды. «Түсіпхан» кейіннен «Жетінші қазына» деген жинақта жарияланды. Дастанның алғы сөзінде ғалым Т.Жұртбай төмендегідей ел аузынан жеткен әңгіме келтіреді: «Абайдың ауылында аяқ-қолы быртық, мүсәпір Түсіпхан атты Қарқаралы жақтан келген мүгедек адам болыпты. Абайға нағашы болып келеді. Кешке қарай төбе басына бір топ шәкірттерімен шығып айналаны шолып тұрғанда, өздеріне қарай домалаңдай басып келе жатқан Түсіпханды көзі шалады да:

— Шіркін-ай, мына Түсіпхан да өмір сүрдім дейді-ау. Қатын-бала, артында қалар қайратты әрекеті, ұшқыр сөзі жоқ. Ақындықтарыңа, адамгершіліктеріңе сын болсын осы Түсіпханды мәңгілік есте сақтап, ұмыттырмайтын естелік қалдырыңдаршы,- депті Абай. Мағауия мен Көкбайдың өлеңі ұстазға ұнамайды. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттерінің бірі ретінде барлық зерттеулерінде баса көрсететін, Тобықтының арасындағы аз ағайын Торғайдың (дұрысы – Топайдың Б.Е) ішіндегі Бейсенбай ақын қазіргі жұртқа мәлім, «Жүрегіңді жылататын» «Түсіпхан» қиссасын шығарады. Сол нұсқаны ұлы ақын мақұлдап, «бейшараның аты енді өшпейді. Өзі көрмеген қызықты, жар ләззатын кіргізіп жан азабын, арманда өткен ғұмырын әсерлі жырлапсың»,- деп қош көріпті»( Жетінші қазына. – Алматы: Алаш, 2004. 227-б). Дәл осы қисса «Нүсіпхан» деген атпен М.Ж.Көпейұлының да қанжығасына байланып, ақынның көптомдық шығармалар жинағынан орын алды (қараңыз: Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 3-т. –Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. 268-326-бб). Дастанның М.Ж.Көпейұлыныкі деген нұсқасының кіріспесінде:

Көрмеген ешкім опа мал мен жаннан,

Аттанған кебін бөзбен бұл жалғаннан.

Ақыны Баянауыл-Керекудің

Сөйлейді Мәшһүр-Жүсіп Нүсіпханнан,-

деген жолдар дастанның авторы Мәшһүр-Жүсіп екенін иландырады. М.Ж.Көпейұлы дастандарын зерттеуші Г.Жүсіпова туындының жазылу стиліне, ақынның басқа шығармаларымен үндестігіне назар аудара отырып, «Нүсіпхан» дастанын Көпейұлының мұрасына жатқызуға тырысқан. Зерттеуші дастанға арналған мақаласында Көпейұлы көп қолданатын «бисмилла» сөзінің дастанда молынан кездесуі, фольклор үлгілерін жинаушы болғандықтан, шығармадағы соның әсерінің молдығы сияқты дәлелдерді алға тартқанмен, мұндай «даралық нышандар» М.Ж.Көпейұлының авторлық құқын қорғауға тым әлсіз дер едік. Ал, кіріспедегі Мәшһүр-Жүсіптің атын кейінгі жырлаушылар енгізуі де ықтимал. Г.Жүсіпованың: «Біздіңше, поэманы Абай төңірегіндегілер емес, шеттен келген біреу жазған»( Жүсіпова Г. М.Ж.Көпейұлының «Нүсіпхан» дастаны.// ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2002. №2. 46-б),- деген пікір-дәлелдерін құп алу қиын. «Өзінің жас жігіт кезінде шығарған осы дастанын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бірнеше дана қып көшіріп өз достарына сыйлаған. Мәшекеңнің қолтаңбасының бір данасын оның ең жақсы көретін дарынды шәкірттерінің бірі, белгілі ақын – Әсет Найманбаев қалап алған екен» (Жүсіпова Г. М.Ж.Көпейұлының «Нүсіпхан» дастаны.// ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2002. №2. 44-б),- деген пікірді де дәлелді деректерсіз қабылдай салу – ақиқатқа жетудің жолы емес. Демек, «Түсіпхан» қиссасын Әсеттің қанжығасына байлау сәл ертерек сияқты. Әлі дәлелді деректер мен тиянақты зерттеуді кажет ететін бұл туындыны Т.Жұртбайдың естелігінде келтірілгендей Абай нұсқауымен оның шәкірттерінің бірі жазғандығы шындыққа жақын келеді. Өйткені, шығарма оқиғасы Құнанбай, Абай сияқты кейіпкерлер төңірегінде өрбігенмен, тарихи туындыға жатпайтынын ескерген жөн. Басты кейіпкер — Нүсіпхан (Түсіпхан) деген Абайдың досы болмағаны аян. ««Түсіпхан» қиссасы туралы әр-түрлі пікір білдіріп, дастанды Абай мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған екен-мыс, Жамал сұлу Құнанбаймен бірге шынында да Мекеге барған екен-мыс, Түсіпхан Абайдың жан досы болыпты-мыс деген жаңсақ ойлар айтылып жүр» (Жетінші қазына. -Алматы: Алаш, 2004. 228-б),- деген ғалым Т.Жұртбайдың пікірінің жаны бар. Сондай-ақ, қиссаны Бейсенбай ақынның қанжығасына байлауға нақты дәлелдердің болмауы себепті де, шығарманың авторын анықтауды кейінге қалдыра тұрамыз.

Сондай екіұшты дүниелердің бірі – Әсет ақынның «Бақтиярдың қырық бұтағы» топтама дастандарын жырлаушылардың бірі болуы. Жалпы қазақ әдебиетінде циклді дастандар тобына жататын «Бақтиярдың қырық бұтағын» жырлаушы – Жанұзақ ақын. Жанұзақ нұсқасын Шыңжан өлкесіндегі қазақтар арасына таратқан ақынның баласы, Әсеттің ақын шәкірті, үлкен жыршы – Әріпжан Жанұзақұлы. Бұл тармақты қиссаларды Әсет те жырлаған. Тіпті, қырық бұтаққа қырық дастан арнауға өзіне мақсат қойған,- деген сөз бар ел аузында. Бірақ, қазақ қиссаларының ішінде «қырық бұтаққа» жататын қиссалардың басы біріктіріліп, жинақталды ма, оларды қай ақындар жырлаған, әр ақынның бір оқиғаға жазылған қиссаларына салыстырулар жүргізілді ме,- деген сауал төңірегінде нақты зерттеулер болмағандықтан, Әсет қиссаларының бұл топтамасына бас сұғып, пікір айту әлі ертерек сияқты. Мәселен, қытайда шыққан екі томдыққа осы «қырық бұтаққа» кіретін деген Әсеттікі ретінде бізге таныс емес «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Дастархан», «Жамсап», «Нұғыман – Нағым» деген дастандар енген. Енді осы қиссалардың бәрі Әсеттікі дейтін дәлел керек. Дәлел – текстологиялық, тарихи-салыстымалы т.б. зерттеулер арқылы ғана келеді. «Қырық бұтаққа» қосқан әр ақынның үлесін айқындап барып, оларды өзара салыстырғанда ғана «Бақтиярдың қырық бұтағы» деген көне әдеби ескерткіштің қазақ даласындағы тамаша үлгісі өз дәрежесінде көрініп қана қоймай, оны жырлаған қазақ ақындарының әдебиеттегі тұғыры биіктей түсер еді. Әсет ақынның көлемді шығармаларын туралы айтқанда біз естімеген «Омар патша» деген дастанының болғандығы айтылып жүр (қараңыз: Жақыпов А. Жасырын жазбалар. – Астана: Фолиант, 2004. 21-б).

Әсет шығармаларын жариялауда «Абай» журналы айтарлықтай істер атқаруда. «Француз патшасының баласы», «Нұғман-Нағым», «Кертолғау», «Өнер», «Құмай торы», «Гүлзағипа-Гінәр төре» деген ел аузынан жетіп, кейбірі қытай жерінде басылған дастандары және бірнеше өлеңдері осы журнал жарияланып келеді. Дастан дегенімізбен «Кертолғау», «Өнер», «Құмай торы» — көлемі шағын шығармалар. Табиғаты жағынан бұлар толғауға, «Құмай торы» оқиғалы өтірік өлеңге келеді.

Біз бұл арада әрқайсысы жеке бір ауқымды тақырыпқа жүк боларлық ақынның көлемді туындыларына қатысты көкейкесті-ау деген тұстарына ғана назар аудардық.

Әсет өлеңді ауызша да, жазып та шығарған дегенімізбен, суырыпсалмалығы басым болған. Бізге жеткені — ел арасына тараған ақынның ән өлеңдері және ауызша біреуден-біреуге жеткен өлеңдері. Өз қолымен жазып қалдырған қолжазбасы жетпеген ақын:

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім

Қаптағы дән сияқты себілмеген.

Менен сорлы ақын да өтті ме екен

Бір сөзі баспа орнына берілмеген,-

деп күйзелетіні бар. Әсеттің ауыр тағдыры өлеңдерін жинап, баспаға ұсынуына мұрша бермеді. Дүниесі де, малы да әні мен өлеңі болған ақын саясатқа жақпағандықтан жат жерде біреудің босағасында уланып өлді.

Алашқа атым шыққан Әсет ақын,

Өлеңім – жан жолдасым болған жақын,-

деп өлеңіне мұңын шағып, күңіреніп өтті дүниеден. Адамзаттың бұлбұлы арманда кетті. Бірінші арманы – ұл-қызын жеткізе алмады, екінші арманы – өлеңі басылмады, үшінші – сүйегі туған жерде қалмады. Ақтық сөзінде балаларын елге жеткізуді сұрапты. Әсет ақын көз жұмғаннан соң да көп уақытқа дейін өлең-сөзі жарыққа шықпады. Ең алдымен, Әсет – діндар ақын, кеңес өкіметін ашық жамандап жазған, оның үстіне Қытайға қашып кеткен адам ретінде қараланды. 1951 жылы Абай шәкірттерінің тізімінен сызылды. Абайдың қасында үш жыл жүріп, ортасын ән мен күйге бөлеген, тамаша туындылар қалдарған Әсеттің аты «Абай жолы» эпопеясында да аталмауы бәлкім содан болар. Кеңес өкіметінде жылымық кезең орнаған шақта тау асып кеткен ақын шығармаларының дені Қытайда қалып, біз Әсеттің жас кезінде елге тараған өлеңдерін ғана талғажау еттік. Тек тәуелсіздік қана шекараның арғы-бергі жағындағы Әсеттің сөз маржандарын теріп, басын біріктіруге жол ашты. Демек, «ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген» деп аһ ұрған ақынның арман-шері ғасырға жуық уақыт оздырып барып орындалмақ.

Арғы-бергі беттегі әсеттанушы ғалымдардың алдында тұрған ең көкейкесті деген мәселелерге ғана көңіл бөлгендегі айтар сөзіміз, алдымен ақынның толық шығармалар жинағын қолға тигізбей, ақын мұрасы туралы ғылым сөзін сөйлеу бекершілік болмақ. Мерейтойлық науқандардан кейін қайтадан марғау күйге түскенімізді есеп қылсақ, Әсет мұрасы тағы біраз уақыт жарыққа шықпай қапаста жатып қалмасына кім кепіл?!

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

ф.ғ.д., профессор