Воскресенье, Февраль 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбановтар мұрасына арналған рухани-танымдық диалог

Жұбановтар мұрасына арналған рухани-танымдық диалог

Бүгін «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әкелі-балалы лингвист-ғалымдар Құдайберген және Есет Жұбановтардың ғылыми-танымдық мұрасына арналған рухани-танымдық диалог өткізілді. Шараның мақсаты  тюрколог-лингвист ғалымдар Құдайберген және  Есет Жұбановтардың рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау,  тұңғыш рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылуының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу орнының тарихи-танымдық тағылымын таныту,  Студенттер мен дарынды мектеп оқушыларының бойында  шығармашылық қабілеттерін дамыту. Рухани-танымдық диалогында арнайы шақырылған қонақтар — ардагер-журналист Асқар Идош, Құдайберген Жұбановтың немересі, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Есетқызы Жұбанова, «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығы директорының орынбасары және мұражай директоры Ғалия Әкімжанқызы Нұрғалиева, Мұғалжар ауданы Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінің директоры Ұлболсын Керейқызы Мухамбетова және Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-і мұражайының директоры Гүлшара Әлібиқызы Жаркилова шараға қатысушылар алдында Жұбановтар мұрасы ұлт қазынасы екендігін әңгімелеп, Жұбанов университетінде еңбек еткен Есет Құдайбергенұлы жайлы көз көрген естеліктерін айтып өтті.

Шара барысында республикалық «Үздік жұбановтанушы» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланды.  Байқау екі номинация бойынша ұйымдастырылды. «Ғылыми мақалалар» номинациясында филология факультетінің 4-курс студенті  Балауса Жеңісова Бас жүлдеге ие болып, оған Қ.Жұбанов атындағы бір реттік степендия табыс етілді. Осы номинацияда І орынды Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 2-курс студенті Бибінұр Жабасова, ІІ орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің 1-курс студенті Балмира Манапбаева, ІІІ орынды Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің техникалық факультетінің 2-курс студенті Аслан Қойбағар  иленеді. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтар Павлодар мемлекеттік педагогикалық  университетінің және Қ.Жұбанов АӨМУ-нің жаратылыстану факультетінің студенттеріне берілді.

«Үздік жұбановтанушы» номинациясы бойынша қатысушылар эссе жазды, қорытындысында Бас жүлде Хлебодаровка ЖОББМ-нің 11- класс оқушысы Бақтірек Оралбайға берілді. Оған 2019-2020 оқу жылына арналған «Қ.Жұбанов атындағы Білім гранты» тағайындалды. Осы номинацияда І орын Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы Нұргүл Қуанышева, ІІ орын Шалқар аударының Қарашоқат ЖОББМ-нің оқушысы Айдана Құттыбаева, ІІІ орын №5 Хромтау гимназиясының оқушысы Еркебұлан Тілеумұратұлына берілді. Ал, ынталандыру сыйлықтары Байғанин ауданы, Қарауылкелді орта мектебінің оқушысы Қуат Дос пен сол ауданның А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы Нұрбақыт Серғазинаға табысталды.

Университеттің «Жұбанов» баспасынан осы шығармашылық байқаудың материалдары жинағы шығарылды.

Гүлнара ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ