Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарих тынысы

Тарих тынысы

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қатысқан жастар Елбасының мақаласы жайында өз ойларын ортаға салды. Аталған университеттегі «Ұшқын» жастар клубының жетекшісі Исатай Ізбасар:

— Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси маңызды құжатында көрсеткен міндеттері ұлттық рухымызды көтеруге жаңа серпін берді. Әлемнің озық елдерінің негізгі мақтанышы — тарих. Президентіміз сол тереңде жатқан тарихымызды түгендеп, ұлы даланың жеті қырын айқындап берді.

Осы орайда Елбасымыз атқа міну мәдениетіне кеңінен тоқталды. Ежелден біздің ата-бабаларымыз жылқы жануарын қолға үйреткен. Оған дәлел ретінде Солтүстік Қазақстан жерін мекендеген энеолит дәуіріне тиесілі Ботай мәдениетін айтуға болады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігі анықталған.

Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне толық сенімдімін, — деді.

Сондай-ақ жиын барысында университет жанынан құрылған «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубының жетекшісі Анар Ақабаева Президент мақаласында айтылған қызғалдақ пен алма тақырыбында өз ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті.

 

Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ