Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлы даланың рухани мұрасы

Ұлы даланың рухани мұрасы

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы бүгінгі күні жұртшылық тарапынан қызығушылық тудырып, кеңінен талқылануда. Ақтөбеде ұйымдастырылған «Ұлы даланың рухани мұрасы» атты дөңгелек үстел басындағы жиын да осы ауқымдағы ірі шараның біріне айналды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тарихымызды тереңдеп таныту мақсатында нақты бағдар болып отырған Елбасының бағдарламалық мақаласының мәніне тоқталып, елдігіміздің биік өлшемдерін сақтау үшін де ұлы даламыздың айбынын асқақтату, өткеніміздің өнегесін ұғыну қажеттігі жөнінде айтты.

«Елбасының барлық мақалалары – өскелең, болашақ ұрпақ үшін ғибратты сөздерімен даналыққа толы.  Соның ішінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің өткеніміздің ұлылығын тереңірек тануға, Қазақстанның әлемдік өркениет жүйесіндегі маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Облыста аталған мақаланың негізгі қырларын іске асыратын ұсыныстарды әзірлеу үшін ғалымдар мен ардагерлердің, қоғам қайраткерлерінің бірнеше ірі кездесулері өтті. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Ақтөбеліктердің мақсаты – оны жүзеге асыру үшін барынша үлес қосу», – деп атап өтті облыс басшысы.

Бұл жиынға тарихшы ғалымдар, этнографтар, археологтар, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, кітапхана, музей қызметкерлері қатысты.

Осы маңызды шараға қатысу үшін Астанадан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқармасының төрағасы, халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қазақ ақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры, халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали, қоғам қайраткері Айдос Сарым, «Қазақстан блогерлері альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым Байтук арнайы келді.

— Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген,— деп атап көрсетті Дархан Қыдырәлі.—  Терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз.

Оның айтуынша, Елбасының бұл бағдарламалық мақаласына әлем бойынша қызығушылық байқалады. Бүгінге дейін аталған мақала 12 тілге аударылған. Баяндамашы бүгін ғана оның моңғол газетіне жарияланғаны туралы хабар алып отырғанын да жеткізді.

— Біздің байқағанымыз — бұл мақала бір күнде дүниеге келе салған жоқ. Атаулы еңбек – еліміздің рухани қазынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түгендеуге толайым табыс әкелген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасының кезінде Ұлытауда берген сұхбаты, Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөздерінің тұжырымы, мазмұндық жалғасы, сараланған түйіні іспетті.

Мақаланың «Ұлы даланың жеті қыры» аталуында да мән бар. Қазақта жеті санын киелі деп санайтыны бәрімізге белгілі. Жеті қазына, жеті жұрт, жеті қыр деген сияқты мағынасы терең ұғымдар бар.

Француздың белгілі тарихшысы Рене Груссе осыдан сексен жыл бұрын жарыққа шыққан «Ұлы дала империялары» деген еңбегінде Ұлы дала ұғымын әлемдік тарихнамаға алғаш енгізген екен. Елбасы өзінің әр кезеңдегі ұлағатты сөздерінде Ұлы даланың халқымыздың рәміздік киелі нысаны болғанын әйгілеп келеді. Сондықтан Ұлы дала ұғымы бүгінде Қазақстанның ұлттық кодына айналып үлгерді, — деп түйіндеді ол сөзін.

«Қазақ ақпарат» агенттігінің бас директоры Асқар Омаров сөзін Ақтөбеге келгендегі әсерімен бөлісумен бастады. «Киелі жерлерді сақтап, дамыту үшін көп дүниелер жасалғанын көріп тұрмыз, әдемі мұражай салынған. «Анаға тағзым» рухани-өнегелік тәрбие беру орталығын ерекше атап өткім келеді. Өте дұрыс бағыт таңдалған, өйткені ұлт болашағы – аналардың қолында» — деді ол.

— Біз жиырма жеті жыл бойы Елбасының басшылығымен жас мемлекет құру жолында кездесетін тәуекелдер мен қиындықтарды бастан өткеріп келеміз. Аталған қиындықтардың бірі – тарихи-өркениеттік сана. Еуроцентристік тарихи тұжырымдамада, Геродоттан бастап және кеңестік авторлармен аяқталатын концепцияларда біздің ата-бабаларымыз бүлік шығаруға бейім, бейберекет әрі бақылаусыз және мәдениетсіз орда деп есептелді. Нәтижесінде, бұрын мемлекеттің негізін білдіретін «орда» сөзі кейбір жерлерде тұрақты теріс контекстке ие болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап экономикаға ғана емес, сондай-ақ өркениеттік сана-сезімге де назар аударған Президент мұны жақсы түсінеді. Өйткені тұрақты даму тек заманауи жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар ата-бабалардың керемет тәжірибесіне негізделген ұлттық идеологияны қажет етеді, — деді Асқар Омаров.

— Елбасы мақаласы ең алдымен рухымызды көтереді. Ата-бабамыз жылқыны қолға үйреткен. Өкшелі етік кигені, алма мен қызғалдақтың отаны болғанымыз – мақтаныш. Соның бәрін жас ұрпақ сезіне білуі тиіс.

Рух дегеніміз – ұлттық код, тектілік. Батырлар жыры, ерлік дастандары, тарихи тұлғалардың ерлігі бізді рухтандырады. Елбасы мақаласында тұлғалар арқылы рухымызды көтеруге ерекше басымдық беріліп отыр. Біз өкінішке қарай, соншама жыл бодандықта болып рухымызды әлсіретіп алдық. Хандардың тұлғалық, қайраткерлік болмысын тани алмадық. Көп тарихымызды ұмыттық. Сондықтан Елбасы мақаласының мемлекеттік сана мен ұлттық тұтастықты қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуда маңызы зор, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

— Елбасының бұл мақаласы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт»  деген тақырыптан басталады. Ол уақыт пен кеңістіктегі қазақтың әлемдік кеңістіктегі, әлемдік уақыттағы орнын табу дегенді білдіреді, – деді саясаттанушы Айдос Сарым. Оның пайымдауынша, негізі Мемлекет басшысы қазақ тарихына деген жаңаша, жалпыадамзаттық, жаһандық көзқарас қалыптастыруды 1997 жылы «Тарих толқынында» атты кітабында айтқан. Мақалада архивті ашу туралы жазылған. Ол үшін алдымен біздің уақыт пен кеңістіктегі орнымызды, тарих толқынындағы рөлімізді айқындау, біздің де қаражаяу емес екенімізді түсіну бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Себебі тұғыры жоқ адамның салмағы да болмайды. Оның өмірге деген көзқарасы да басқаша болады. Оның тұғыр табу, өз тұғырымызға қону, соны түсіну, оның ерекшелігін, айрықша қасиетін түсіну, моралін қабылдау, жаңа мораль жасақтау сияқты көптеген мәселесі бар.

— Бұл мақаланың біздің санамызды жаңғыртудағы орны ерекше,— деп атап көрсетті Ғалым Байтук.— Сондай-ақ ол тамырымызды тереңге бекітудің негізін қалайды, алдағы уақытта практикалық қадамдар жасауға бағыт береді. Мәселен, архивімізді дұрыстау, Ұлы даланың ұлы есімдерін насихаттау, ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту секілді міндеттер — бәріміз бірігіп атқаратын шаруалар.

Дөңгелек үстел басындағы жиында тарихшы-өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өз ой-тұжырымдарын ортаға салды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ