Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлы даланың Мәңгілік елі – Тәуелсіз Қазақстан

Ұлы даланың Мәңгілік елі – Тәуелсіз Қазақстан

Бүгін Жұбанов университетінде еліміздің тәуелсіздік күні мерекесі «Ұлы даланың мәңгілік елі –Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбына дайындалған үлкен концертпен аталып өтті. Концерт Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» жаңа бағдарламалық мақаласы желісінде сахналанған қойылыммен басталды. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, тарихымызды жаңғырту жайы кеңінен сипатталған Елбасы еңбегіндегі жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату тетіктері LED экраннан көрсетілген 7 минуттық бейнефильм фонында театрландырылып, жан-жақты көрсетілді. Ескірмейтін өмір мен мәңгілік дәулеттің символы – Алтын адам, аң стилі көрінісін сипаттаған өнерпаз қыздар, түркі әлемінің бейнесін суреттеген ауылдағы ұлттық салт-дәстүрлер: бесік көтерген келіншектер, ұршық иіріп, келі-келсап ұстаған кейуаналар, арқан тартысып, күш сынасқан бозбалалар, Ұлы даладағы ежелгі металлургия ұялары, Ұлы Жібек жолы керуені, ат міну мәдениетін көрсеткен жігіттер биі, қазақ жерінің алма мен қызғалдақтар мекені екенін білдіретін алма толы себет ұстаған қыздар мен сахнаны жарқыратқан «Қызғалдақ» биі мерекеге жиналғандарды тамаша көңіл-күйге бөледі.

Шараның ресми бөлімінде оқу орны ұжымын құттықтаған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков «Қазақтың тәуелсіздікке қол жеткізуі – тарихтың сыйы. Енді осы тәуелсіздік туын берік ұстау өзімізге байланысты. Қаншама ұлтты бауырына басқан бағаналы ел – ол біздің еліміз, қазақ елі! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және соның жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары қазақ жастарын елдікті ұстап тұруға үндеген платформалық бағдарлама дерсіңіз. Бабадан қалған рухани, ұлттық тамырды іздеу жөн, ал тамыры тереңге кеткен бәйтеректің болашағы да бекем. Сондықтан Тәуелсіздік күнінде айтылар бір сөз бар. «Біріңді – қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Қара сөздің пайғамбары – Абайдың бұл сөзін бекер қайта жаңғыртып отырған жоқпыз. Тарихтың бұралаң жолына көз салсақ, қазақты сырттан келген жау алмаған. Санасында сәл саңлауы бар адам ұғады, қазақтың жауы іштен шықты. Ол жау – алауыздық пен бақталастық, ол жау – күншілдік пен міншілдік, жалқаулық, оған індеттеп келе жатқан жемқорлықты қосыңыз. Ащы да болса айтайын, қазақ осы жаман қасиеттерден арылмай, тәуелсіздікті сақтау екіталай болады… Тәуелсіздіктің тұғыры – тәлім мен тәрбие, білім, ұлтжандылық. Тұғырдың осы үш тіреуі мықты болса, тәуелсіздігіміз баянды болмақ»,-деп ақжарма сөздерін айтып, еркіндік еншімізге тиіп, тәуелсіздік алған тарихи күн құтты болсын деген тілектерін арнады. Одан әрі мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Университеттің дамуы мен көркеюіне үлестерін қосқандары үшін ректор Бауыржан Ердембеков «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Салима Сейтеноваға, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Орынгүл Тургеноваға, физика-математика ғылымдарының кандидаты Елена

Кокотоваға, №1 оқу ғимаратының әкімшісі Балжарқын Келешоваға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Одан кейін оқу орны басшысы физика-математика факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Алтыншаш Бекбауованы, мұражай директоры Гүлшара Жаркилованы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Асыл Смағұлованы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғайша Ниязованы «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ №3 оқу ғимаратының әкімшісі Айман Сейтимоваға, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Татьяна Алимпиеваға, филология ғылымдарының кандидаты Жанат Макешоваға, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ақсұлу Сисенге, библиограф Гүлзат Шаншароваға, оқу бөлімінің әдіскері Сандуғаш Каленоваға, №5 оқу ғимаратының әкімшісі Ләззат Олжабаеваға, «Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты» департаментінің мәдени-шығармашылық сектор жетекшісі Айгүл Қожбанға, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлайым Төретаеваға, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жібек Бегімбаеваға, бағдарламалық инженер Талғат Қуанышевқа, «Тіл дамыту» зертханасының меңгерушісі Фарида Смағұловаға, «Білім беру процесін ұйымдастыру» департаментінің «Аккредиттеу және рейтинг» бөлімінің әдіскері Гүлдана Мұқановаға, «Ғылыми-инновациялық бағдарламалар» департаментінің маманы Арман Қантөреге университет ректорының Алғыс хаты берілді.

Мерекелік концертте екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бегелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты мен Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімшелерінің біріккен әскери оркестрі өнер көрсетті. Ақ көгершіндермен билеген «Искорки» балалар халықтық би ансамблі «Туған жер — Родная земля» композициясын тарту етті. Шара салтанаты университет өнерпаздары орындауында жаңа ғасырда қайта түлеп, жасарған еліміздің тарихына, дәстүріне, бүгінгі жарқын шағына арналған ән-билермен жалғасты.

Гүлнара ҚАРАША