Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әр аймақта бір-бір ұлттық университет болуы керек!

Әр аймақта бір-бір ұлттық университет болуы керек!

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде аталған оқу орны Бақылау кеңесінің мәжілісі өтті.

Жиында жоғары оқу орнының жыл бойғы дамуы жайында есеп беріліп, Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы бойынша алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.

Оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембеков университетте атқарылған істер жайында облыс әкімі алдында есеп берді. Оның айтуынша, университетте білім алушылар саны жыл сайын артып келеді: мәселен, 2016 жылы — 9471, 2017 жылы 10664 адам оқыса, қазір 13332 студент білім алып жатыр. Мамандықтар саны да артты.  Жоғары колледжде 381 студент 12 мамандық бойынша білім алуда. 2017-2018 оқу жылында барлық мамандықтар 100 пайыз аккредитациядан өткен.

— Университет аккредитациялау және рейтинг жүргізу жөніндегі тәуелсіз агенттіктің рейтингі бойынша 12-інші орыннан 7-інші орынға көтеріліп отыр. 13 мамандық бойынша ең жоғарғы көрсеткіште бірінші орында тұрған болсақ, енді үздік үштікке  кірген білім беру бағдарламаларына 19 мамандық еніп отыр. Бұған қоса қазіргі уақытта халықаралық аккредиттеу орталығына да шығып отырмыз. QS халықаралық агенттігіне шығудың өзі үлкен жауапкершілікті және қаржыны талап етеді. Бүгінде осы мақсатта 20 миллион теңге қаражат бөлдік. Қазір еліміздегі 3-4 оқу орны осы  QS рейтингіндегі үздік 500-дікке енуге тырысып жатыр. Біз де келесі жылы  алдымызға осындай мақсат қойып отырмыз, — дейді Б.Ердембеков.

Сондай-ақ білім алушылардың академиялық ұтқырлығы, қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, халықаралық байланыстар, оқытушылар құрамының санынан гөрі сапасын арттыру, ғылыми жұмыстар, инновациялық технопарк, цифрлық университет, оқу орнының материалдық-техникалық базасы, соның ішінде ғимараттарды, жатақханаларды күрделі жөндеуден өткізу, басқа да орталықтар ашу, болашақ мамандардың тәжірибеге көбірек көңіл бөлуі, сол мақсатта өндіріспен байланысты нығайту, гранттар мен жеңілдіктер, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Алдағы жылға арналған жоспарлар да нақтыланды:

— Елбасының Жолдауына сай, алдағы «Жастар жылында» бірқатар іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Соның бірі — Жастар сарайын, бірінші, екінші жатақханаларды толық жөндеуден өткізіп, қайтадан пайдалануға береміз. Сарайда жастардың сұрауы бойынша кинозал, фитнес, хореография, музыка, көрме залдары, 250 орындық «Мәңгілік ел» мәжіліс залы, тағы да басқа орындар болады. Сондай-ақ университеттің стартегиялық даму жоспарына сәйкес, коммерциялық емес акционерлік қоғамға көшу, мамандандырылған диссертациялық кеңестер ашу, ұлттық университет мәртебесіне ұмтылу, 70 пәтерлік «Жас ғалымдар үйін» пайдалануға беру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» аясында «Ақтөбе ақтаңгерлері» аллеясын ашу сынды бірқатар жұмыстар бар, — деді ректор.

Жиында студенттердің білімі мен тәртібі мәселелері де талқыланды. Олардың арасындағы тәртіп бұзушылықтарды азайту, студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдары арқылы тәрбиелеу жұмыстарын жолға қою, жастарды әлеуметтік қолдау мәселелері айтылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Бақылау кеңесінің мәжілісінде айтылған ұсыныстарды қолдайтынын айтты:

— Жастардың оқу бітіріп шыққанда бір емес, екі дипломды алып шығуы өте маңызды. Қосдипломдық білім беру бағдарламасын дамыту қажет. Сондай-ақ ұлттық университет мәртебесін алуға қатысты жасалып жатқан жұмыстар өте орынды. Меніңше, әр аймақта бір-бір ұлттық университет болуы керек. Коммерциялық емес акционерлік қоғамға көшу де жақсы идея, — деді облыс әкімі.

Мәжіліс соңында Бақылау кеңесінің есебі бекітілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ