Среда, Май 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > Болашақ дизайнерлер тіккен киімдер сәбилер үйінің бүлдіршін өнерпаздарына тарту етілді

Болашақ дизайнерлер тіккен киімдер сәбилер үйінің бүлдіршін өнерпаздарына тарту етілді

        Ақтөбе қаласындағы «Үміт» сәбилер үйінде ерекше акция өтті. Жұбанов университетінің «Дизайн» мамандығының бітіруші курс студенттерінен құралған бастамашы топ бір ай бойы «Үміт» балалар үйінің бүлдіршін өнерпаздарына концерттік костюмдер тіккен болатын. Қазақтың ұлттық нақышы мен түрлі ертегі және мультфильмдердегі сәбилердің сүйікті кейіпкерлерін бейнелейтін костюмдерді бүгін бүлдіршіндер киіп көріп, қамқоршыларға риза көңілдерін өз өнерлері арқылы білдірді. Жастардың қайырымдылық көңілдеріне қолдау көрсетіп, университет ректоры Бауыржан Ердембеков костюмдерді тігуге қаражат бөлді. Ал «Костюм дизайны» сабағын жүргізетін оқытушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Қазбекқызы Сибағатова студенттердің идеяларына жетекшілік етті.

    Бұл қайырымдылық акциясы  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биылғы Балалар жылында  өткізілген «Бақытты бала» жобасына Жұбанов  университеті жастары  қосқан үлестің бірі.  

                                                                                                                                                                                                                                      Гүлнара ҚАРАША